Ардагерге құрмет

Ардагерге құрмет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бірер күнде біз Ұлы Отан соғысының 70 жылдығын атап өткелі отырмыз. Ал қазір елімізде 6300-дей ғана Ұлы Отан соғысының ардагері қалды, оның 24-і Қордай ауданында.

Ардагерлерге құрмет көрсету баршамыздың, биліктегілердің, бизнес өкілдерінің, алдында тұрған басты парыз, міндет деп есептейміз. Себебі, ол адамдардың өмірі от пен судың ортасында өтті. Қар төсенді, мұз жастанды. Олардың алдында тек бір мақсат тұрды, болашақ ұрпақтың бақытты өмір сүруі үшін жанын беруге дайын еді. Қазақстанның соғыстағы адам шығыны ерекше болды. Қан майданнан 600 мың отандасымыз оралмады. Сондықтан соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету, Жеңіс күнін атап өту біздің ел үшін қасиетті, қастерлі дәстүр бо¬луы тиіс. Қалыптасқан дәстүрден ауытқымай аудандық «Қордай» мешітінің ұжымы да ардагерлерге мүмкіндігінше көмек көрсетуде. Қордай ауданының бас имамы Ә.Шалбай мырза соғыс ардагері, көптеген мемлекеттік марапаттардың йегері, Қордай ауданының құрметті азаматы, мешіт жамағаты 94-жастағы Керденов Қайым ақсақалды зиярат етті. Әбдужалил Шалбай ақсақалды мерекесімен құттықтап, мешіт атынан мереке қарсаңында ақсақалдың йығына қазақи дәстүр бойынша шапан жауып, 10 000 теңге қаржылай көмек ұсынды. Кездесу дастархан басында жалғаса кетті. Бас имам Алла кітабын оқып, Ұлы Отан соғысында шейіт болған ата-бабалар рухына арнап дұға жасады. Әңгіме барысында Қайым ақсақал өз өмірі жайлы сыр шертті. Соғыс майданына жап-жас жігіт болып аттанып, Польша, Венгрия, Румыния елдерін азат етіп, жеңісті бұрынғы Чехословакия астанасы Прага қаласында қарсы алады. Соғыс аяқталысымен елге оралып білім беру саласында ұзақ жылдар қызмет атқарады. Аудан орталығындағы Абай атындағы жалғыз мектеп-интернатында директор қызметін атқарып, ата-ананың қарауынан айырылған балаларды тәрбиелеумен айналысып, зейнетке шығады. Ел арасында жүрген қарт майдангерлер күні бүгінге дейін ұрпақ тәрбиесіне етене араласып келеді Өзінің өмірінде бірнеше жерлерде болғанын айтып, «Қордай» мешітіндей мешіт сирек екенін айтып, жамағаттың бірлігін айтып, жалпы ҚМДБ және оның ішінде аудандық «Қордай» мешітінің жұмысына оң баға беріп, мешіт имамы Ә.Шалбайға ризалығын білдіріп, осы қарқынмен ауытқымай еңбек ету қажеттігін өтінді.Кездесу соңында соғыс тауқыметін айтып, бірлікке, ынтымаққа шақырып, өз аталық батасын беріп қонақтармен қош айтысты.

Аудандық «Қордай» мешітінің
Баспасөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: