Адамзат тарихына өшпес қара таңба салған 1941-1945 жылдарғы соғыс дүмпуі басылып, Ұлы Жеңістің салтанат құрғанына 70 жыл толып отыр. Бұған төрткүл дүние зер салып қарауда. Қар жастанып, мұз төсенген отты жылдарда, сыз окоптарда шыңдалған жауынгерлік достықтың, әр ұлт өкілдерінен құралған әскери құрамдардың қайталанбас ерлігі мен өрлігінің белгісі. Кешегі аға ұрпақтың жанын да, қанын да аямай, елім деп, жерім деп кеудесін оққа төсеген, қабырғасы қатпаған жетімдер мен желегі желкілдеп қалған жесірлердің еңіреп жүріп, «бәрі де майдан үшін!» деп тылда аянбай тер төккен патриоттық рухының биік көрінісі.
Осы орайда, Тараз қалалық «Рахман-Рахим» мешітінің бас имамы Нұрматжан Миразизовтың ұйымдастыруымен Ұлыс Отан соғысының және Ауған соғысының ардагерлеріне арналып киелі ақ дастархан жайылып, 200 адам көлемінде ардақты қарияларымызға ас берілді. Атамыш жиынға облыс имамымен қатар қала имамдары да қатысты. Отан үшін жанын пида етіп, соғыста ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміздің құрметіне Құран қатым етіліп, облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев қатымның дұғасын бағыштады. Дүрбелең майданның батыл сарбаздары болған құрметті ардагерлерімізге шапан жабылды. Сондай-ақ, қызыл майдан даласын көрген қаһарман ақсақалдарымыз соғыстағы естеліктерімен бөліссе, облыс имамы отансүйгіштік пен бірлік тақырыбында уағыз атты.
Һибатулла-Тарази мешітінің баспасөз қызметі