Жұма күні Тараз қаласының бас имамы Алмаханов Аят Дыбысұлы қасиетті жұма күні Шу қаласы «Жами» мешітінде Қазақстандағы кереғар діни ағымдар және олардың салдары жайында уағыз насихат жүргізді.
Әбу Ханифа мазһабына негізделген Ислам діні – халқымыздың ертеде келе жатқан салт- дәстүрлері мен әдеп- ғұрыптарымен біте қайнасып кеткен үлкен құндылықтарымыз болып табылады. Қазіргі таңдағы өзекті деген үлкен мәселелердің бірі- жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі діни ағымдар десек артық айтқандық емес.
Кереғар діни ағымдар қоғамға, айналаға, соның ішінде жастарымызға ерекше әсер етіп, ұдайы адастырумен келеді. Соның салдарынан отбасылардың ажырысуы көбейіп, түрлі дінді ұстанудың нәтижесінде жанұяларда ұрыс- керістер орын алып, көптеген бөлінушіліктерге негіз болуда. Қазақ даласында ханафи мәзһабы салт-дәстүлерімізбен сабақтасып кең етек жайган. Қазақ осы мәзһабты ұстана отырып өзінің әдет- ғұрпын да сақтап қалған, намазын оқи отырып қымызында ішкен, оразасын ұстап, бәйгеде ат шаптырған, бір Аллаға дұға ете отырып баласының тұсауында кескен, Аллаға сәжде ете отырып келініне құрмет ретінде сәлем де салдырған, азанын шақыра отырып домбырасын да тартқан. Осының бәрі ұлттық келбетімізді сақтап, дінімізді қорғау болып саналған. Біз шариғатпен дәстүрді сабақтастыра білген халықпыз.Солардың арқасында бізде ешқашан да діни алауыздықтар, келіспеушіліктер болмаған.
Алла Тағала баршамызды адасушылықтан сақтап Өзінің тура жолына салуды нәсіп етсін. Адасуда жүрген бауырларымызды тура жолға салсын деп сөзін аяқтады.