Көптен күткен көктемнің алғашқы айы Наурыз да келді. Мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқына наурыз айының өзгеше бір орны бар. Өйткені қыстың суығынан шығып, көктемге жеткен кез. Малдары төлдеп, ағайындар бір бірімен көрісіп, өкпе наразды ұмытатын кезең. Әлбетте бұл Наурыз мерекесі діни мереке емес. Қазақ халқының ұлттық мерекесі. Дегенмен, Шариғатымызға қайшы емес. Наурыз айында арнайы наурыз көже пісіріліп, ас беріліп имам молдаларымыз құран оқып, уағыз насихаттарын жасайды.
Осы наурыз мерекесі Тараз қалалық «Әулие-ата» мешітінде де аталып өтті. «Әулие-ата» мешітінің бас имамы Алмаханов Аят Дыбысұлы жиналған мешіт жамағатына жақсы лебізін білдірді. Наурыз мерекесіне арнайы қонақтар да келді. Ақ сақалды аталарымыз, ақ жаулықты аналарымыз, аға-әкпелеріміз және облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қажы Жұмабаев арнайы келіп, жиналған жамағатқа насихат жасады. Сонау алматы қаласынан Ербол Сағиұлы ағамызда Наурыз мерекесіне қатысып, наурыз көжеден ішіп, жақсы лебізін білдірді. Жағдайы төмен, көмекке зәру адамдарға және көп балалы аналарға азық –түліктей 10000 (он мың теңге) көлемінде қайырымдылық жасалды.
Тараз қаласында орналасқан, «Құлбай-баба» мешітінде де арнайы дастархан жазып, Наурыз мерекесін атап өтті. Құлбай баба мешітіне арнайы барған Тараз қаласының бас имамы Алмаханов Аят Дыбысұлы жиналған көпшілікке уағыз насихат айтып, жақсы лебізін білдірді. «Әз-наурыз» мерекесі өз деңгейінде жақсы өтіп, жиналған көпшілікке дініміздің ұлықтылығы насихатталуда. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, еліміздің іргесі бекем болсын ағайын!