Т.Рысқұлов ауданы “Сұлтан” орталық мешітінде Дін мәселелері бойынша ауыл молдаларымен кездесу өткізді. Кездесуге Жамбыл облыстық дін істер басқармасының басшысы Омаров Жангелді, облыстық “Һибатулла Тарази” мешітінің бас имамы Жұмабаев Данияр қари , аудан әкімінің орынбасары Әспейсов Бейсен, “Сұлтан” орталық мешітінің бас имамы Джадраев Сұлтаншәріп қажы қатысты.
Жиын барысында облыс имамы Жұмабаев Данияр қари асыл дініміз исламның экстремизмді айыптайтындығын ерекше атай келіп: "Құранда Алла Тағала: "Жазықсыз бір адамды өлтіру - бүкіл адамзатты өлтірумен тең", - деп айтқан. Олай болса, дін атын жамылып қоғамға түрлі жат әрекеттермен зиян тигізу дұрыс емес. Өйткені, ислам адамзат баласының бақытты, бейбіт, тыныштықта болуын қалайды. Сол үшін дәстүрлі емес ағымдардың әрекеттерінен барынша сақ болу керек", - дей келе өзіміздің ата-бабамыздан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дініміз жөнінде мәлімет беріп өтті. Шараның соңында ауыл молдаларының қойылған өзекті сауалдарына да тиісті жауаптар берілді.
Әбілда Мейірханов,
әскери зейнеткер.