Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қазіргі уақытта еліміздегі барлық дін қызметкерлерінің діни білім деңгейінің жоғары болуына барынша күш салып, мүмкіндігінше әлеуметтік жағдайын шешуге ат салысуда. Елімізде имамдарымыздың білімін жетілдіруге түрлі институттар мен медреселер қызмет етуде. Өйткені имамдардың білімді болуы, халыққа біліммен, салихалы сөздерімен насихат айтуы – заман талабы. Бұдан бөлек тағы бір мәселе – имам-молдасы жоқ мешіттерге сол ауылдың дінге жанашыр, мешітке қызмет етсем деген тұрғылықты тұрғындарын қысқа мерзімді діни курстардан өткізіп, имамға қажетті басты міндеттерді үйретіп, діни сауатын ашу болып отыр.
Осыған орай жақында «Һибатулла Тарази» медресесінде имамы жоқ мешіттерге болашақ имамдарды даярлау мақсатында қысқа мерзімді курс ұйымдастырылды. Курсқа қатысушы болашақ 10 имамға Құран, Фиқһ, Ақида, Ислам тарихы секілді дін қызметкеріне ең негізгі қажетті дәрістер жүргізілді. Дәріс соңында өкіл имам Данияр Әлимұхаммедұлы жақында Астанада өткен I Респуликалық имамдар форумында қабылданған 4 құжатпен таныстырып, аталмыш құжаттың имам-молдалар үшін маңызы зор екендігін, дін қызметкерлері сол құжаттар аясында жұмыс жасау керектігін жеткізді. Сонымен бірге болашақ имамдарға арнайы сертификат табыс етіп, алдағы уақытта Муфтиятта сараптамалық сынақтан сүрінбей өтуге сәттілік тіледі.