Келешектің кілтін қолға алатын жас ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесі, талғамы мен тәртібі қай дәуірде де басты мәселе болып келген. Ол бүгінде де күн тәртібінен түскен емес. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау.
Бүгін М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің «Жастар сарайы» ғимаратында «Заманауи қоғамдағы жастардың тәлім-тәрбиесінің бүгіні мен ертеңі» тақырыбында облыстық семинар өтті.
Семинарға облыс әкімдігінің басшылығы, орта арнаулы оқу орындары мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, жоғары оқу орындарының тәрбие жұмысына жауапты қызметкерлері, «Жастар орталықтарының» директорлары, және үкіметтік емес жастар ұйымдарының жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.
Сонымен қатар, кездесуге орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев, облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабеков өзекті мәселеге байланысты өз ойларын ашық айтып, пікірлерін білдірді, жастардың тәрбиесіне қатысты баяндама оқыды.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі