Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағынаны білдіреді. Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам-Мәуліт мерекесі жыл сайын елімізде кеңінен аталып өтіледі.
Бейсенбі күні аудан орталығындағы “Байзақ баба” мешітінде өткен Мәуліт мерекесін бас имамы Р. Азизов ашып, құран оқыды. Аудан әкімі М.Шүкеев қасиетті Мәуліттің маңызын, ата дініміздің құндылықтарынан нәр алған халқымыздың бірлігі мен ынтымағына тоқталды, жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.
Құранда пайғамбарымызды (с.ғ.с.): «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің» (Қалам сүресі, 4-аят), – деп сипаттаса, тағы бір аятта барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят).
«Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Танат қажы Тілмамбетов 2014 жылдың 14 тамызынан бастап Мәуліттің шығу тарихынан бастап сыр шерте отырып, Алланы мадақтап, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтып, мұқтаж жандарға көмек берілсе, Құран Кәрімді көбірек оқып, Аллаға құлшылық жасаудың шарапатты мол екендігі, сондай-ақ, пайғамбарымыздың (с. ғ.с) өнегелі өмірі, көркем мінезі жайлы тағылымды әңгімелер, имандылық, дінаралық татулық пен бірлік туралы уағыз айтылды.
Ғаламға мейірім ретінде жіберілген пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) есімін ардақтауда Тараз қалалық «Әулие-ата» мешітінің найб имамы Ораз қажы Баймаханов Алла тағалаға мадақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ға салауат айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р. Шәметов адамдарды мейірімділік пен ынтымақ-бірлікке тәрбиелеудегі дініміздің рөлін сөз ете отырып, ілкімді де кәсіпкер азаматтардың қолдауымен мешіт жанынан шағын дәмхана салынып, осындай имандылық тұрғыдағы шаралар сол жерде өткерілсе нұр үстіне нұр болар еді,- деген ұсынысын айтты. Облыстық мәслихаттың депутаты О.Телеуов салауатты шараның адамзат өмірінде алатын орнын тілге тиек етті.
Бұдан соң “Байзақ баба” мешітінің бас имамы Р.Азизов имандылық ордасына көмек көрсету жөніндегі аудан ардагерлерінің Үндеуіне көпшілікті жұмылдырған аудан басшысы М.Шүкеевке ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, аудан басшысының, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Р.Шәметов, облыстық мәслихаттың депутаты О. Телеуов, осыдан бірнеше жыл бұрын аудан имамы қызметін атқарған С.Саидтаһирұлы, аудандық мәслихаттың депутаты А.Жәмішжанов, тіс дәрігері А. Болшыбековтердің иықтарына шапан жапты. Кең дастархан басында тәуелсіз еліміздің тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалды.
Айтулы шара барысында Байзақ баба” мешітінің бас имамы Рәмиз қажы Абай ауылында тұратын көп балалы отбасыларына азық-түлік өнімдерін табыс етті.
Г. Әбдіқұлова,
“Ауыл жаңалығы”.