Мәуліт шуағы

Мәуліт шуағы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мәуліт – күллі мұсылман халқы үшін үлкен мереке. Себебі, Мәуліт Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келуімен ерекшеленеді. Мешіттерде хазіреті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі де ғибратты өмірі, исламға еткен еңбегі, көрген қиыншылықтары мен әдептіліг, мінезінің көркемдігі туралы уағыздар айтылуда.

Мәуліт мерекесін тойлаудағы басты мақсат – Пайғамбарды тану болса, бұл тұрғыда жамбылдық жамағат Мәулітке, Аллаға салауат айтудан тайынбақ емес.
жамағат алдында аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы Дәулет сөз алып:
-Алла Тағалаға, оның елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салалаһу ғалейһи уәссаламға ризашылық, сүйіспеншілігімізді білдірсек, сүйіспеншілік танытқан жамағатқа Алланың рахымы түсері хақ. Мәнді де, мағыналы өсиетін қалдырған Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туған күні – Мәуліт айында исламның құндылықтарын насихаттау, уағыз айту мұсылмандық парызымыз. Шарапаты мол Мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осын-ау айтулы мереке аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін, деді. Аудан басшысынан кейін сөз алған ауданымыздың бас имамы, қажы Ғайырфулла Қуанышбекұлы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз жайында кеңінен сөз қозғап, жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтады.

Рухани мерекелік кештің бағдарламасы негізінде іс-шара «Бисмилләдән» бастау алып, аудандық Мәдениет үйінің өнерлілері төрге оздырған ұлттық нақыштағы ән-жыр, термеге ұласты. Аудандық «Дарын» драма театры режиссері Әмірхан Қойшыманов әртістері сомдаған көрініс те көптің көңілінен шықты. Көпшілік «Өнегелі өмір немесе Мәуліт құтты болсын!» бейне сюжетін экраннан тамашалап, ұлылықты ұғынды. Өнер өкілдерінің өнеріне еш шүбә келтіре алмайсың. Мәдениет үйінің әншісі Қарлығаш Жамбаева «Тойбастар» әнін әуелеткеннен-ақ көрермен тына қалған. Сондай-ақ, Ахан Сыдықов, Сәрсен Әбілқайыр, Жарқынбек Құдайбергенов сынды термеші-әншілердің орындауындағы термелер де көптің көңілінен орын тапты.

Мерекелік кеш барысында «Тұрғани» мешітінің жамағаты салауат айтып, тебірентті.
Сайып келгенде, Аллаға – мадақ, Мұхаммед пайғамбарға – салауат айтқан жұртшылық көңілді тарқасты.
Жамағат аудандық Мәдениет үйінен кейін «Азия» мейрамханасында жайылған дастарханнан дәм татты.

Жамбыл ауданы
Шұғыла газетінің тілшісі Дүйсенбек Омаров

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: