Мәуліт – маңызы мол мереке

Мәуліт – маңызы мол мереке

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақ қашанда Құдайын танып, Мұхаммед пайғамбарымыздың өмірін өнеге тұтып, күнделікті тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін Исламның асыл құндылықтарымен үйлестіріп, тәубасынан танбаған халық. Көптеген мұсылман елдерінде  күллі мұсылман қауымы пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған уақытына байланысты тойланатын мейрам – мәуліт мерекесін атап өтуде.

Мұхаммедтің үмбеті мұсылманмын,

Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.

Алсын тағалам ант етем, ант етемін,

Алла есімін жүректен ұшырған күн.

                                 (М.Мақатаев)

Осындай мереке өткен аптада «Жәми» мешітінің бас имамы Қ.Үрпековтың ұйымдастыруымен қалалық Мәдениет үйінде өтті.  Бұл кештің шымылдығы қасиетті құран үнімен ашылды. Мұнан кейін аудан әкімінің орынбасары  Ә.Балқыбеков жиылған қауымға ізгі тілегін арнады. Осы ретте Тараз қаласынынан арнайы келген «Әулиеата»  мешітінің бас имамы А.Дыбысұлы  жиылған жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Д.Жұмабаевтың сәлемін жеткізді.

Мұнан кейін Шымкенттен шақыртылған «Асыл мұра» өнер орталығының өнерпаздары «Адасқанның азабы», «Ата-ананың қадірі» атты қойылымдары арқылы өмірден алынған көріністерді сахналады. Кеш барысында мешіт шәкірттері араб, қазақ тілдерінде пайғамбарымызға салауат айтып, мәуліт жырларын оқыды. Сонымен қатар, бұл мерекеде домбыра шанағынан қазақтың тағылымды термесі төгіліп, діни әндер әуеледі.

- Бұл кештің мақсаты – Пайғамбарымыздың туған күнін тойлау емес, иманды жандарға оның өмір жолын,  игі істерін үйретумен қатар, тәлімін бойына сіңіру болатын. Біздің осы мақсатымыз орындалды. Қасиетті Мәуліт мерекесі  құтты болсын!Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болсын!- деді қалалық «Жәми» мешітінің бас имамы Қуат Үрпеков.

Рухани азық  алып, мол мәліметке қаныққан қалың қауымға ақ жаулықты әжелер  шашу шашып,  мерекенің соңы «Жәми» мешітінде жайылған  ақ дастархандағы бас қосуға  ұласты.

Жансая Шыңғысханқызы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: