«Құранның сөзі – қасиет, Пайғамбар сөзі – өсиет»

«Құранның сөзі – қасиет, Пайғамбар сөзі – өсиет»

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Өткен аптада аудандық «Достық» мәдениет үйінде екі дүниенің сәруары, Алланың хақ Расулы Мұхаммед мұстафаның (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) туған айы - мәуліт ән-нәбиге арналған тағылымы мен өнегесі мол айтулы шара болып өтті.

Аллаға шексіз мадақтар мен Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) рухына салауаттар айту, оның (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) өмір жолы мен қызметін насихаттау мақсатын көздейтін мұндай жиындар бүкіл әлем мұсылмандары арасында ай бойына жалғасты. Мәуліт жиылысының өзегіне дін мен дәстүр сабақтастығы арқау болып, одан көрермен қауымның ерекше әсер алғанын айтқан ләзім.

Жиын Мысырдағы әл Әзһар университетінің түлегі Қасым қари Бекжігітұлы оқыған Құран аятынан басталды. Аудан әкімі Батырбек Құлекеев жиналғандарды барша мұсылман қауымы қуана қарсы алатын мерейлі оқиға – мәуліт айымен құттықтап, аталған шараның өнеге алар, ғибрат тұтар тұстарына тоқталды. Батырбек Әбдірәсілұлы Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) көркем мінезін, дінге сіңірген еңбегін насихаттау арқылы адамдар арасында мейірбандықты, достықты, сүйіспеншілікті, төзімділікті дәріптеуге болатынын атап көрсетті. «Әлем елдерімен бейбітсүйгіш саясатын жүргізіп отырған елімізді мекен еткен түрлі ұлт пен ұлыс, конфессиялар өкілдерінің тілейтіні - ортақ Отанымыздың амандығы мен тыныштығы. Осы тұрғыда бұл жиынның мәні мен маңызы ерекше» дей келе аудан әкімі жиналғандарға Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) өсиет-өнегелеріне тереңірек бойлауды нәсіп етуін тіледі.

Облыстық «Һибатулла ат Тарази» мешіті найб имамы Ғалымбек Жәпеков Қазақстан халқының мәуліт мерекесін тәуелсіздік алғаннан бері тойлай бастағанын шүкіршілік сезіммен жеткізе келе, күні кеше ғана облыс орталығындағы «Баласағұн» мәдениет сарайында да осындай тағылымды шараның өткенін еске салды.

Ғалымбек Жәпеков адамзат баласын қараңғылықтан жарыққа шығарып, тура жолға бастаған Алла Елшісі Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сәулелі ғұмыры мен ұлы тұлғасынан тебірене сыр шертті. «Мұсылман адам кім?»  деген сауалға Хақ Расулы (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «Тілімен де, қолымен де адам баласына зияны тимейтін адам» деп ешкімге зәредей де қиянат жасамауды насихат еткен. "Ислам деген сөздің мағынасы бейбітшілік, амандық, есендік дегенге саяды. Бейбітшілікті биік ту еткен жұртымыз амандасқанда «Ассалаумағалейкум», яғни «Сізге Алланың тыныштығы мен сәлемі болсын» десе,  сәлемін алушы да оған «Уағалейкумсалам», яғни «Сізге де Алланың тыныштығы мен сәлемі болсын» деп тілейді. Әлемге рақым пайғамбары болып жіберілген Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге көркем мінездің керемет үлгісін көрсетіп кетті. Хақ дінді жеткізу кезінде қанша қиындықтар мен азаптар көрсе де, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мойымаған. Алла тағала ашуланып, қаһарына мінсе де, «Ия, Раббым, олар білмейді, сондықтан кеңшілік ет. Бұлар білмесе, кейінгі ұрпақтары, одан да кейінгілері білер» деп кешірім сұраған» деп толғады ол.

Жиын барысында ән-жырға, термелер мен өнер қойылымдарына да кезек беріліп, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары көрермендерді илаһи шығармалармен сусындатып отырды. Әнші Мәлік Мықтыбеков «Алланың бары - ақиқат», Нәзипа Қаттебекова Мұқағалидың «Тоқта балам, атаң келед артыңда» термелерін орындаса, Гүлнар Қашкеева Тұрсынжан Шапайдың «Арман» әнін әуелетті.

Бір сәт Күлпан Бекайдарова бастаған ауылдың әжелер ансамблі сахнаға шығып, қазақтың тұсаукесер салтын көрсетті. Ансамбльдің белді мүшесі Дарихан Сыддықова әжейдің немересі Әселдің тұсауын кестіруге аудан басшысы Батырбек Құлекеевті шақырды. Батырбек Әбдірәсілұлы тәй-тәй қадам басқан қыздың тұсауын кесу рәсімін атқарып, желкілдеген көк өскінге Құлекей атасының жары, таршылық кезеңде көпке шарапаты тиген Айбөпеш әжесінің және жерлесіміз, ұлағатты ұстаз Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл апайының жолын тіледі. Дарихан әжей Батырбек Әбдірәсілұлына алғысын айтып, иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Аудандық мәдениет үйінің қызметкері Ербол Бекжанов дін ме дәстүрді сабақтастыра отырып, шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, балалық, есейген шағында адамға Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салған сара жолға негізделген дәстүр-салттың әркез жолбасшы, тәрбиеші болатыны хақында тағылымды әңгіме айтып берді.

Салт-дәстүр мен асыл дініміздің сабақтастығы туралы әңгімені ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдаев әрі қарай өрбітті. Ол осы мәуліт жиынының басты мақсаты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетін тірілту арқылы ұмыт болған салт-дәстүрлер мен жоралғыларды дәріптеу екенін еске салды.

Кезек тағы да өнер қойылымына беріліп, жорыққа аттанғалы тұрған жауынгерлерге Асан қайғының берген батасы ұтымды сахналанды.

12 бөлімнен тұратын мәуліт-шәріп жырын Жуалы мешіті имамының орынбасары Бекберген Есбосынов пен сауат ашу мектебінің бір топ шәкірті орындап берді. Жиналғандар бір сәт орындарынан көтеріліп, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)   рухына салауат айтты.

Ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдаев пен облыстық Һибатулла Тарази мешіті бас иманының орынбасары Ғалымжан Жәпеков діни басқарманың жүктеген тапсырмаларын орындауда үлгі-өнеге көрсетіп жүрген бірқатар ауыл имамдарына Алғыс хаттарын табыс етті.

Жиын әрі қарай «Қаракөз» мейрамханасында жайылған дастархан басында жалғасып, мұнда да асыл Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  сүннеті мен салт-дәстүр сабақтастығы әңгіменің басты арқауына айналды. Осылайша, ауданда өткен Мәуліт ән-нәби жиыны көпшілікке ой салып, толғандырған шара болды.

 А.СӘРСЕН.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: