Алланың Елшісі, пайғамбарлардың соңғы мөрі Мұхаммед (с.ғ.с) туған күні – мәуліт ән нәби айы биыл жылдың басына тұс келді. Барша әлем мұсылман қауымының көзайым қуанышына айналған бұл мереке дәстүр бойынша ай бойына жалғасады. Мәуліт ән-нәби барысында мешіттерде және басқа да құлшылық орындарында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмірі мен қызметі туралы кеңінен уағыз-насихат жүргізіледі.
Өткен аптада «Жуалы» мешітінде мәуліт-ән нәби жиылысы болып өтті. Жұма намазын өтеп болғаннан кейін мешіт имамы Нұрлан Әмірбаев жиналған жамағатқа Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жайлы хутба-уағыз айтып, оның (с.ғ.с.) рухына құран бағыштады. Әрі қарай ол мәуліт жиынының өту шартымен таныстырды.
Мысырдағы «Әл-Азһар» университетінің түлегі Қасым Бекжігітұлы мәуліт – шәріптің араб тіліндегі нұсқасын қырағаттап оқып берді. Одан кейін мешіт имамының орынбасары Бекберген Есбосынов қазақ тіліндегі мәуліт жырын оқуға кірісті. 12 бөлімнен тұратын жырға Пайғамбардың (с.ғ.с) бүкіл ғұмыры – дүниеге келер алдындағы құбылыстар, дүниеге келуі, балалық және есею шағы, пайғамбарлық кезеңі мен дүниеден өтуі арқау болған. Ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдаевтың бастауымен жиналғандар Пайғамбар (с.ғ.с.) рухына құрмет көрсетіп, шекісіз салауат-сәлем жолдады.
Әрі қарай мәуліт жиылысы дастархан басында жалғасып, ауданның қадірменді қариясы, ҰОС ардагері Әбдікерім Жолдасов ақ батасын арнады. Әбдір Құрбан қари, Қасым Бекжігітұлы Пайғамбар (с.ғ.с.) рухына арнап Құран оқыды. Ауданның бас имамы Алмас Кенжемолдаев Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғибратқа толы ғұмырының әр сәтінен тағылымды әңгіме өрбітті.
Жиылыс барысында ауыл тұрғыны Әбзелбек Сметов және тағы басқалар жиналғандарды мәуліт мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
А.Сәрсен.