Азаншылар азан айтудан сайысқа түсті

Азаншылар азан айтудан сайысқа түсті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Исламда азанның алар орны маңызды. Азан исламның бес парызының бірі - намазға шақыруды білдіреді. Азанның  сөзі мен тәртібін алғашқыда 7 бірдей сахаба түсінде көріп, солардың айтуы арқылы өмірге келді.  Содан бері жер бетінде азан бір сәтте айтылмай қалған емес. Азанның кереметтерінің бірі ретінде, айға алғаш барған адам - Нил Армстронг, азан дауысын көктен естіген екен.  Алайда ол бұл дауыстың азан екенін 14 жыл өткеннен соң, Египетке барғанда білген.

Хақ дініміз Исламның негізгі рәміздерінің бірі болған  азан айтуды насихаттау, азанның шығу тарихы,  мағынасы мен маңыздылығы және азаншының ерекшеліктерін халыққа етене таныстыру, сондай-ақ, ел арасындағы әдемі әуезді азаншыларды анықтап, табу мақсатында республика бойыншы азан айту жарыстары өтіп жатыр.

Бүгін  бұл сайыс Тараз қаласындағы орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұйымдастыруымен  ауыл, аудан, қала мешіті қызметкерлері мен имам-молдары арасында өтті. Жалпы бұл шара азанның маңызы мен азаншының Исламда алар орнын насихаттауға арналып отыр. Жарысқа облыс көлемінен жалпы саны 30 адам қатысты.

Рухани бәйгеге төрелік еткен қазылар алқасы құрамында мешіттің бас имамы Данияр Алимұхамедұлы, наиб имам Жапек Ғалымбек және медресе ұстазы Юнус Хусейн Субхи  азан шақыруды өз нақышына келтіре айтқан жезтаңдайларды сыннан өткізді.

Бұл амал жамағатты намазға шақыру үшін айтылатындықтан, азаншыға қойылатын басты талаптың бірі - оның даусының зор болуы, араб әріптерінің махраждарын жақсы білуі, азан дұғасын жатқа білу және азан кәлималары мен дұғасының мағынасын білу. Қазылар сайыскерлердің әдемі әуезімен қатар, оқу нақышын және азанның тарихынан да сұрақтар қойып отырды.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Сматов Талғат иеленді, бас жеңімпазға Samsung теледидары сыйға берілді. Екінші орынды Жалалиев Ибрагим Мустафаұлы өз қанжығасына байлады, Samsung планшеті сыйға берілді, ал Чилюр Мухаммед Исмарұлы  үшінші орынды иеленді, жеңімпазға Samsung телефоны сыйға тартылды. 

«Һибатулла Тарази» мешітінің

баспасөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: