Көршіңізбен қалайсыз?

Көршіңізбен қалайсыз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Дініміз Ислам көрші ақысына ерекше мән беріп, оған деген қарым-қатынасты жақсартуға шақырады. Қазақ та ежелден «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» деп білген жұрт. Алайда, несін жасырайық, соңғы уақыттары көрші ақысы деген мәселе жадымыздан мүлдем шығып барады. Тіпті, ұмытылып кетті ме дейсің. Ағайынгершілікті алға қоятын, береке-бірлігі жарасқан ауылды аймақтарда ғана көрші қарым-қатынасының көрінісі байқалады. Десек те, ертедегідей емес. Бұран ата-әжелеріміз бірінің үйінен бірі шәй ішіп, жата-жастанып әңгімесі мен ақыл кеңесін айтып отыратын еді. Көршісі шәй сұраса, май қосып беріп, сауабын алуды жөн көрген. Көршісі қуанса, қызығын бөлісіп, қиыншылыққа түссе, ауыртпалығын бірге көтеріскен. Міне, бабалар ұстанған мұндай ауызбіршілік елдің бірлігін, берекесін арттырып отырған. Қазір көрші ақысы дегенің жай ғана сәлемдесуден әріге аспай қалды.

Бүгінгі қоғамның талабы ма, тамыры ауылмен байланысқан қазақтың басым бөлігі қазір күн құрғатпай туған елді-мекеннен тіршіліктің қайнаған ортасы - ауданға, күші жеткендері қалаға қоныс аударып жатыр. Әрине, бәрінің көздейтіні - бала-шағаның нәпақасын тауып, жан бағудың қамы. Өйткені, ауыл жағдайы көңілді көншітпей отырғаны айдан анық. Әйтпесе, ешкім еріккеннен елін тастап кетпес еді.

Ал, қаладағы көрші-қолаң хақысы қандай? Ол өз деңгейінде орындалып жатыр ма? Сенімді көршіңіздің бар екеніне сенімдісіз бе? Мұны да баршамыз бір ойлап көрейікші. Тіршілік етіп, тиын таппасаң далаға қаңғытып, дүбәралыққа душар ететін қала тынысы ауылдағы анау-мынау еркелігіңді көтере бермейді. Өйткені, қаланың тұрмыс жағдайы ауылдан мүлдем басқа. Қалада не көп, көп қабатты үй көп. Әр қала сонысымен көрікті, сонысымен зәулім. Қызығын қараңыз, сол көп қабатты үйлердің асты-үстіндегісі былай тұрсын, бір подьезде, бір қабатта қарама-қарсы орналасқан көршілер де бір-бірін танымайды. Халқымызда «Үй алма, көрші ал» деген нақыл сөз бар. Алайда қазір осы айтылған даналық сөздің мәнісі кетіп, құр сұлбасы ғана қалған.

«Көрші ақысы - тәңір хақысы» демекші, Алланың соңғы елшісі, баршамызға үлгі-өнеге етіп жіберілген Мұхаммед (с.ғ.с.): «Көршісі аш болып, өзінің қарнын тойдырған (оның қиыншылығын сезінбеген) адам мүмін емес» - деп, көршіге деген жауапкершіліктің ауыр екенін ескерткен. Демек, көршілердің қатар отырып, бір-бірінің жағдайын сұрап, мүмкіншілігі болғанша жәрдемдесуі нағыз мұсылманшылықтан екен. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жәбірейіл (періште) маған көрші жайында өсиет еткені соншалық - көршіні көршіге мирасқор ететін шығар деп ойладым», - дейді.

Ал, Құран аяты тақырыбымыз жайында не айтады? «Алла тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар. Және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят), - деп бұйырылған қасиетті Кітапта. Міне, аятта да жақын және алыс көршіге жақсылық жасау қажет екенін анық әмір етілуде. Ислам ғұламаларының бір тобы әрбір адамның көршісі айналасындағы қырық үй десе, келесілерінің пікірінше, азан оқылған сәтте, сол азанның даусын естіген аймақ бір-біріне көрші болып саналады. Хазіреті Айша (р.а.) анамыз Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Алланың Елшісі! Қатар отырған екі көршім бар. Ең алдымен қайсысына құрмет көрсетейін?» - деп сұрағанда, «Есігі саған ең жақынынан баста!» - деген жауабын алған.

Көршіге жақсылық жасағаныңның өзі сауапты іс. Көп жағдайда көршіге қырын қарап, күн сайын дауласып жататын жағдайлар жиі-жиі кездеседі. Тіпті, болмашы нәрсеге соттасып, абыройларын айрандай төгуге дейін барады. Көрші отырып күндестік етіп, қиыншылық пен зияндық көрсетуге дініміз үзілді-кесілді тыйым салып, оны харам амалдардың қатарынан санайды. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға және ақырет күніне сенген көршісіне қорлық көрсетпесін»,- дейді. Мұғаз ибн Жәбәл атты сахабадан жеткен хабарда Алла Елшісінен (с.ғ.с.): «Көршінің ақысы қандай?» деп сұрағанда, адамзаттың ардақтысы болған пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сенен қарыз сұраса - беру; жәрдем сұраса - көмектесу; науқастанса - хал-жағдайын сұрау; дүниеден өтсе - жаназасына қатысу; қуанышқа кенелсе - бөлісіп, қиыншылыққа бас ұрса - қайғысына ортақтасу; Пісіріп жатқан дәмді тағамыңның иісімен көңіліне қаяу түсірмей, қайта аз да болса сол тағамнан дәм татқызу; Рұқсаты болмастан жоғары көрініп немесе желдің өтін жібермеу үшін қабырғаны биіктетпеу; Сатып алған жеміс-жидегіңнен оған да беру немесе жасырын алып кіру; Баланы қолындағы жеген нәрсесімен далаға шығармау; Сіздерге не айтып жатқанымды түсіндіңіздер ме? Көрші ақысын Алланы ойлаған аз ғана топтағылар орындайды», - деп жауап қайырған. Шынында, көршісі ауырып немесе қазалы жағдайға душар болса, барып қолдан келгенше көмектесу - мұсылмандық парызымыз. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмметіне деген өсиеті. Абдуллаһ ибн Жағфар атты сахаба мына жағдайды еске ала отырып былай дейді: «Әкем Жағфардың дүниеден өткендігін естіген Алланың Елшісі (с.ғ.с.) (жанындағыларға): «Жағфардың жанұясына тамақ әзірлеңдер. Өйткені, олар өздеріне тамақ дайындай алмайтын жағдайға душар болды. Ол отбасы мынадай қайғы жамылған сәтте тамақ дайындай алмайды»,- деп бұйырған.

Түйіндей келгенде, мына жалған дүние дүрбелеңінде адамның адамға деген мұқтаждығы бар. Тіпті, моральдық және материалдық тұрғыдан да. Сол үшін қолдан келгенше жәрдем беріп, ең болмағанда, көршісін шырайлы жүзбен күтіп алып, жылы сөзбен шығарып салудың өзі адамгершілігіміз болып табылмай ма?! Бұл - кез-келген адамның қолынан келер іс.

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,

Қызылорда облысы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: