Тараз жұртшылығы Ораза айт намазын оқыды.

Тараз жұртшылығы Ораза айт намазын оқыды.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жаратқанның қалауымен бір ай бойы Ораза тұтып, Ораза айты мерекесіне де жеттік. Кеше барша қазақстандық мұсылмандар отыз күн Оразаны тәмамдап, өзара «Ораза айт қабыл болсын!» айтып, ауыз ашты. 

Мұсылмандар үшін екі мереке бар екенін білеміз. Олар – Ораза айт пен Құрбан айт.
Мухаддис Әбу Дәуіт сахаба Әнастан (р.а.) жеткізген хадисте дініміздегі қос мерекенің пайда болуы былай баяндалады: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келгенде,  олардың екі мерекесі болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл қандай күндер?», – деп сұрағанда: «Жаһилия дәуiрiнде ол күндердi ойын, күлкiмен өткiзетiн едiк», – дедi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла тағала осы екi күндi олардан да жақсы Құрбан және Ораза айт күндерiмен алмастырды», – дедi». Сонымен қатар, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен хадисте былай делінген: «Мүмiн пенделер Рамазан айының оразасын толық ұстап, айт күнi намазға бет алғанда, Алла тағала перiштелерге: «Ей, перiштелерiм, адамзат бейнет атқарса, ақысын талап етедi. Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн. Сендер куә болыңдар, оларды  мағфират еттім», – дейді». Осы хадистерден айт намазының Ораза тұтқан мұсылмандар үшін қаншалықты маңызды  және қасиетті екенін білуге болады.

Облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Жұмабаев Данияр қажы барлық қазақстандықтарды және облыс жұртшылығын  мұсылман әлемінің қастерлі мерекесі Ораза айт мейрамымен құттықтап: «Қасиетті Рамазан айы аяқталғанын білдіретін бұл мереке – исламның ғасырлардан бергі игі дәстүрінің, оның маңызды рухани құндылығы болған кең пейілдің, жақсылық пен мейірімділіктің көрінісі. Қасиетті Ораза айт мерекесі арамыздағы ынтымағымызды нығайтып, шаңырағымызға бейбітшілік пен мол игілік, береке әкелсін! Ынтымағымызды нығайта отырып, біз қоғамдағы ұлттық мәдени және рухани алуандылықты сақтауға, азаматтар арасындағы өзара құрмет пен сенімнің нығаюына одан әрі ықпал етуіміз қажет», – деді және ары қарай сөзін Ораза айт мейрамының қасиеті, маңызы және адамгершілік, бірлік тақырыбындағы  уағызымен  жалғастырды.

Қала тұрғындары мен мешіт жамағатын қасиетті Ораза айт мейрамымен құттықтау үшін Жамбыл облысы  әкімінің бірінші орынбасары  Бекболат Серікбекұлы және Тараз қаласының  әкімі Нұржан  Сәбитұлы арнайы келіп, айт намазын оқуға жиналған жамағатты құттықтап, сөз сөйледі.

Тамаша уағыз-насихат пен құттықтаулардан кейін жамағат ораза айт намазын оқу үшін сапқа тұрды. Намазды өткеріп болған соң, мешіт қызметкерлері қарт  кісілердің құрметіне  арнайы дастархан жайып, қария  аталар мен әжелер сол дастарханнан дәм татты.   

Барлық бастамаларда көш  бастап келе жатқан  «Һибатулла Тарази» мешіті биылғы Ораза айт мейрамы құрметіне орай, қала ішіндегі барлық бағыттарға тегін жүретін арнайы 20 автобус көлігін жалдап, қаржысын өз мойнына алды.  Қала тұрғындары  үшін бұл тамаша  жәрдем және қолдау болды.

Қариясын құрметтеген, қартын ұмытпаған халықпыз ғой, бұл жолы да бас имам Данияр Алимұхамедұлы және мешіт қызметкерлері мұсылман қауымы үшін ұлық  мейрам саналатын айт күнінде қалалық №1 қарттар үйіне  арнайы барып, қарттарды құттықтап, қасиетті Құран  кітабын және намаз оқу үлгісі көрсетілген кітапшалар мен плакаттарды  сыйлыққа табыс етті.

Осы қасиетті айт мерекесінде барша мұсылман қауымға амандық-саулық және ауыз біршілік тілейміз.

 

Лаура Қанатқызы,

Жамбыл  облыстық  «Һибатулла Тарази»

мешітінің баспасөз қызметі. 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: