ҚАДІР ТҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

ҚАДІР ТҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан-адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсе бастаған ай»-делінеді. Ал «Қадір» сүресінің 1-аятында: «Анығында, біз Құранды Қадір түні түсірдік»-делінген. Яғни, Қадір түні адамзат баласына ең асыл қазына-Құран, Құранмен бірге ең зор бақыт-иман тарту етілген түн. Қасиеті мол бұл түнді ата-бабаларымыз айрықша қадірлеген. Оның әр сәтін қайырлы санағандықтан, бұл түні ұйқыны ұмытып, құлшылыққа, жақсы істерге ден қойған. Халқымызда: «Әр келгенді Қыдыр деп біл, әр түніңді Қадір деп біл»-деген сөз осыдан қалса керек-ті.


Хадисте айлардың қайырлысы-Рамазан айы, түндердің қайырлысы-Қадір түні, күндердің қайырлысы Жұма күні екені айтылған. Мұсылман қауымының сағына күтіп, қимай қоштасатын, он екі айдың сұлтаны Рамазан айында жүрегіне иман жиған жандар отыз күн ораза тұтып, тәубеге келеді. Әсіресе Алла тағаланың разылығына бөленуді қалаған мұсылмандар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Мың айдан қайырлы түнді өткен сәрсенбі күні аудан орталығындағы «Байзақ баба» мешітіне жиналған жамағат айрықша ұлықтады.


Жомарттығымен дараланған облыстық мәслихаттың депутаты, «Химпроммонтаж» акционерлік қоғамының бас директоры О.Телеуов биыл да ораза тұтқан жамағатты ақ дастархан басына жинап, ауызашар берді. Кең дастархан басына жиналғандарды аудан әкімінің орынбасары Д.Сұлтанбеков, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Махамбетов рамазан айымен құттықтады. “Байзақ баба” мешітінің бас имамы Р.Азизов Қадір түнінде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайтындығын, осы түннің қадір-қасиеті, Айт намазы туралы терең ойға жетелейтін уағыз айтты.


«Кімде кім Қадір түнінің мол сауабына сеніп, шын ықыласпен өткізер болса, оның күнәлары кешіріледі» деп пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай, имандылық ордасына жиналған жамағат қаза, нәпіл намаздарын оқыды, Құран Кәрімді тыңдап, Аллаға сансыз құлшылық жасап, елімізге жақсылықтар тіледі, өткен күнәларына кешірім сұрап, сауабы мол істерге мұрындық болды.
Таң ағарып атқанға дейін Қадір түнін ұлықтаған жамағат арасында ислам дініміздің тарихына арналған сұрақ-жауап шарасы өткеріліп, жеңімпаздарға діни кітаптар табыс етілді. Көпшілік атынан Әбілда ақсақал сауабы мол шараны өткеріп отырған халық қалаулысы Оразалыдай азаматқа алғысын айтып, батасын берді

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: