«Қадір түні» алдындағы қайырымдылық

«Қадір түні» алдындағы қайырымдылық

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

БАУЫРЫН АНАСЫНА БЕРГЕН

 Айсұлудың үйіне бас имам келді

Осыдан үш ай бұрын 41 жастағы Каменка ауылының тұрғыны Жаңыл Мұқашева бауырдағы қатерлі ісікпен Алматыдағы №7 емханаға жатқызылды. Қалқамандағы оташылар мемлекет берген 200 мың долларға ота жасау үшін дені сау адамның бауыры қажет екенін жасырмады. Сонда ажал аузында жатқан анасын өлімнен арашалап алып қалу үшін он тоғыз жастағы Айсұлу өз бауырын беруге белін бекем буып келгенін көргенде ақ халат киген дәрігерлердің өзі қаршадай қыздың көзсіз батырлығына тәнті болған еді. Міне, сол Тараз мемлекеттік Университетінің психология бөлімінің бірінші курс студенті Айсұлу Болатбекқызы Есбергенова қарсы алдымызда отыр. Біздің бауырымыз бүтін-ау, ал ол болса ағзасының 70 пайызын анасына беріп, жарты бауырмен отыр. «Жас организм ғой, келе-келе жетіледі» дейді дәрігерлер...

    Алайда қолын пышақ кесіп кетсе бажылдап жылайтын бала емес ол. «Жұмақ---аналардың аяғының астында» деген қанатты сөзді санасына мықтап түйген, тоғыз ай тоғыз күн құрсағында көтерген баласы үшін түн ұйқысын төрт бөлген Анасын қадірлейтін қасиетті қыз бұл. Бәлкім оның жас жүрегіне анаға деген шексіз махаббатты ұялатқан Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте он жыл бойы тәлім-тәрбие берген сынып жетекшісі Ұлған Айнекеева шығар. Мүмкін ата-анаға деген сүйіспеншілік оның анасынан дарыған болар. Қалай десеңіз де қаршадай қыздың үлкендердің өзі тәуекелге бара алмайтын бұл әрекетке баруы шынында да көзсіз ерлік қой. Қарттар: «Бір қызы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі қызы бардың Меккеге салған ізі бар, ал үш қызы бардың пейіштен алған үйі бар» демей ме? Жаңыл:---Менің барым да, нарым да осы бір қызым мен бір ұлым. Не дейін, өзі айтсыншы...деп тебіреніп кетті. Айсұлу болса әлі бала емес пе, ойын бүкпей ашып айтып отыр: ---Әр адамның шыр етіп жарық дүниеге келгенде періштесі қасында болады екен. Маған анасыз өмірдің сәні де, мәні де жоқ екенін осы періштелерім сыбырлап айтқан шығар. «Анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап барсаң да оның парызынан құтыла алмайсың» деген аталы сөз тұрды менің санамда,---дейді ол.

    Айсұлу өздеріне ота жасаған алматылық Мұса Сахимов пен Фараби Стамқұловтардың, Делиден келген оташылармен бірге тоғыз сағат бойы ота жасаған емхана меңгерушісі Болат Баймахановтың төккен терлерінің зая кетпегенін, оларға анасы үшін өмірбақи қарыздар екенін қайталап айта берді. Бірақ ол ең алдымен анасын өмірге екінші рет әкелген өзі екенін сезбей айтып отырған сыңайлы болып көрінді бізге. Ауданның бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадыраев өзінің осы оқиғаны естігелі бері тыныш ұйықтай алмай, қалай да осы отбасымен бір қауышуды ойлаған. Онысы міне, жер бетіндегі бүкіл періштелер жерге түсетін қасиетті Қадір түніне тұспа-тұс келіп отыр. Имам тебірене сөйлеп, таудай жүректі Айсұлуға, осынау тұрмысы төмен отбасына өзінің ақ батасын берді. Қараша үйдің жыртығына жамау, тұрмысына медеу болсын деп, мешіттен елу мың теңге садақа ала шыққан екен оны жаралы Жаңыл келіншекке ұстатты. Фархат қажы көліктен бір қап ұн әкеліп үйге кіргізді. Кетерінде имам: ---Қызым мынау қасиетті Құран Кәрім. Анаң намаз оқиды екен, сен де иманды бол. Қадір түні жасаған ғибадаттарың қабыл болсын. Алла сендердің тілектеріңді орындайтынына кәміл сенемін,---деді шын ықыласымен.

    Иә, Жаңыл мен оның ері Болатқа бұл жыл оңай болмай тұр. Өйткені үйде жұмыс істейтін ұлы Айбол мен ері Болат қана. Отбасына келетін табыс айына 66 мың теңге ғана. Бір сиыр диета ұстап отырған Жаңылдың жанына жалау. Әйтпесе, қызының оқуына бір жылда 260 мың теңге төлеу оңай ма? Оның үстіне дәрігерлер жазып берген бараклюд деген дәрі Қазақстанда жоқ болған соң оны Мәскеуден алдыратын көрінеді. Бір ай бойы ішетін отыз таблеткаға 60 мың теңге тағы төлеу керек. Ол дәріні Мәскеуден салып тұратын адам да таппай отырса керек.  Ал, аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ш.Қосалов болса:  «Отбасылық табыстарың адам басына шаққанда 10393 теңгеден айналады екен. Бұл ең төменгі өмір сүру мөлшерінен жоғары, сондықтан сендерге әлеуметтік көмек берілмейді» деп қысқа жауап қайырыпты. Сонымен өзі жарымжан жан шарасыздың күйін кешіп, бір Құдайға ғана сеніп, намазын қаза қылмай отырған жайы бар екен.

     Бізге дейін осынау отбасына бірде бір адам келіп қолұшын бермепті. Әрине, өкінішті-ақ, «Қолы ашық, қайырымды азаматтар осындайда көмек қолын созса қандай сауапты іс болар еді» дейді Сұлтаншәріп қажы Каменка ауылынан қайтып келе жатып. Дегенмен, имамның осы сапары расында да үлкен сауапты шара болды.

 

 Сейсенбай қажы Қожеке,

Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің меншікті тілшісі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: