Ауданда діни ахуал тұрақты

Ауданда діни ахуал тұрақты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Облыстық дін істері басқармасы мамандары ауданның  ауылдық округтерінде діни ахуалды бір апта бойы зерделеу нәтижесінде осындай байлам жасады. Зерттеу жұмыстарына басқарма қызметкерлерімен қатар облыс орталығынан үш дінтанушы маман қатыстырылды.

Ауданның дін саласындағы осы және өзге де мәселелер таяуда аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысында қаралды. Кеңес жұмысына облыс әкімдігі дін істері басқармасының және басқарма жанындағы дін проблемаларын зерттеу орталығының басшылығы мен мамандары, ауылдық округтер әкімдері мен қызметкерлері, аудандық және жергілікті мешіттердің имамдары мен молдалары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ә.Уркумбаев ашып, шараның маңызы мен міндетіне аз-кем тоқталды. Әбдікерім Құлтайұлы бүгінде мемлекет дін мәселесіне байыпты көңіл бөле бастағанын, осы жиынның соның айғағы екенін тілге тиек етті.

Облыс әкімдігі дін істері басқармасы ислам діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлімінің басшысы А.Оразбаев өңірдегі діни ахуал, ондағы түйіткілді мәселелер туралы баяндама жасады. Мұнда аудандағы заңды тіркеуден өткен ғибадат орындары мен оларға тұрақты келетін діндарлар саны, құлшылық орындарының жай-күйі туралы бірқатар мәліметтер келтірілді. Баяндамада сондай-ақ 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның ауданда орындалу барысы қамтылды. Осы ретте баяндамашы ауданның бірқатар ауылдық округтерінде бағдарламаны іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары әлі күнге дейін әзірленбегеніне қатысты сын айтты. Баяндамадан кейін осы мәселеге қатысты Күреңбел, Қошқарата, Нұрлыкент ауылдық округінің басшыларының есептері тыңдалды.

Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы С.Айдапкелов еліміздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында және «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясында діни саланың даму бағдарлары белгіленгенін атап көрсете келе, дін мен мемлекеттің қатынасы әр кез тығыз байланыста өрбіп отыратынын жеткізді. Дін саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның басты мақсаты - зайырлы қоғамдағы мемлекет пен  азаматтар арасындағы қарым-қатынастар саласындағы мемлекеттік реттеу, яғни азаматтардың діни наным-сенім бостандығына шектеу салатын кез келген әрекеттерді ескерту, алдын алу және т.т. «Зайырлы қоғамда мемлекет пен дін бөлек деген қағида бар, дегенмен дін істері мемлекеттің тұрақты бақылауында болады. Біздің міндетіміз  - атадан балаға мирас болып келе жатқан дәстүрлі дініміздің қағидаларын жалғастыру» деп түйді басқарма басшысы.

Жиында Ақтөбе ауылдық округінің әкімі А.Заппаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мұратай, ауданның бас имамы А.Кенжемолдаев талқыланып жатқан мәселелерге қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Кеңес соңында жиын барысында айтылған сын-ескертпелерді назарға алып, іс-шаралар жоспарына енгізу туралы тиісті шешімдер қабылданды.

А.СӘРСЕН. 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: