«Һибатулла Тарази» мешіті Қадір түнін қарсы алды.

«Һибатулла Тарази» мешіті Қадір түнін қарсы алды.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? Қадір түні мың айдан да артық. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез - келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. (Әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады». 

(«Қадір» сүресі, 1-5 аяттар)

 Міне, Қадір түнінің қасиетін Жаратушымыздың өзі осылай баяндайды қасиетті Құранда.

Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерлік. Соның ішіндегі ең маңыздысы, әрі бірегейі — қасиетті Рамазан айындағы Қадір түні. Айтулы бұл түн биылғы жылы шілде айының 23-нен 24-не қарған түнге келіп тұр. Қадір түні — адамзаттың ақ пен қараны айыратын түн және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары көзі бо­лып саналатын қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн. Қадір кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с): «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауа­бы он есе болса, Ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді», — десе, тағы бір хадисінде: «Кім қадір түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі», — деген.

Сауаптар еселеніп берілетін бұл түнді барша мұсылман әлемі, оның ішінде Тараз қаласының жұртшылығы да асыға күтуде.

Жылына бір рет келетін мың  айдан да қайырлы болған Қадір түнін құлшылықпен, жамағатпен қарсы алу үшін еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін «Һибатулла Тарази» мешітіне жиналғаны соншалық, мешіттің іші мен сырты адамдарға лық толды. Тұмса табиғат та ерекше күйге бөленіп, қасиетті түнді айрықша әсерлендіріп тұрғандай.  Бұл бәрімізді қуантты.

Орталық «Һибатулла Тарази» мешіті «Қадір түні» кешінде жамағаттың бұл түнді барынша құлшылыққа толы өткізуіне барлық мүмкіндіктерді жасады. Биылғы  Қадір түні қарсаңында  орталық мешітте балалар үшін арнайы батут құрылып, 500 балаға балмұздақ пен түрлі тәттілер тегін таратылды.

«Һибатулла Тарази» мешітіндегі  «Қадір түні» кешіне арналған бағдарламаға сай, жамағатпен құптан және тарауих намазы оқылған соң мешіттің бас имамы Данияр Жұмабаев Қадір түнінің қасиеті, артықшылығы және ерекшелігі жайлы уағыз-насихат жүргізді.  

Қала тұрғындары мен мешіт жамағатын қасиетті кеште құттықтау үшін Жамбыл облысы  әкімінің бірінші орынбасары  Бекболат Серікбекұлы және Тараз қаласының  әкімі Нұржан  Сәбитұлы арнайы келіп, Қадір түнін құлышылықпен қарсы алуға жиналған жамағатты құттықтап, сөз сөйледі.

Қасиетті кеш орталық мешіттің наиб имамы Әміров Әбдіжаппардың және Ахметов Серіктің Құран оқуымен жалғасты. Ары қарай жамағаттың еркін құлшылығына уақыт берілді. Мешіттің наиб имамы Ержан Аманбаев «Серік қосу және балгерлік үлкен күнә» тақырыбында, «Һибатулла Тарази» медресесі директорының орбасары Оразов Исатай «Зина және ішімдіктің зардабы» тақырыбында керемет уағыздар айтты. Сонымен қатар, мешіт жамағаты арасында Исламға қатысты қызықты сұрақтар- жауаптар жүргізілді. 

Облысымыздың бас имамы Данияр қажы Алимұхамедұлы Қадір түні дұғасын оқып, барша мұсылман жамағатына денсаулық, отбасына амандық, еліміз бен жерімізге тыныштық, мемлекетімізге бақ пен береке тіледі. Қадір түні кешіне жиналған жамағатқа сәресі тамағы  берілді.

Қасиеті мың айдан да қадірлі болған Қадір түнінде Жаратқаннан еліміз бен жеріміз, Отанымыз, Елбасымыз және мұсылмандар үшін жасалған барлық дұғалар қабыл болсын, мұсылман ағайын!

Лаура Алмаханова,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: