Жамбыл облысы ұлық түнді өткерді.

Жамбыл облысы ұлық түнді өткерді.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қордай жеріндегі Қадір түні.

Мінекей, көптен асыға күткен құт айы Рамазан да өзінің соңғы күндерін өткізіп, қасиеті мол Қадір түніне жеттік. Алла Тағала оны берекелі етті, онда Құранды түсіріп, басқа түндерден  ерекшеледі.  

Алла Тағала мың айдан артық қылған  қадір түнін Қордай жұртшылығы ынтыға күтіп,  қарсы алды. Рамазан айы бойы үзілмеген ауыз ашар да Қадір түнінде жомарт бауырларымыздың себебінен өз жалғасын тауып, Қадір түнінде де ауыз ашар берілді.

Құптан намазына мешітімізге келген  жамағат сыймай кетті. Алғашқы сөзінде Қордай ауданының бас имамы Ә.Шалбай Қадір түнімен құттықтап,  бұл түннің қасиеті жайлы  тартымды уағыз айтып, жамағат тарауих намазына сапқа тұрды.

Бұл  түнде Рамазан айы бойы түсірілген толық хатым аяқталып, хатым дұғасы жасалынды. Тарауих намазы арасында аудандық «Қордай» мешітінің имамдары дайындаған сұрақ-жауап сергіту болды. Бас жүлдеге Құран Кәрім тәпсірі, кілем, Алла елшісінің  (с.ғ.с) өмірбаяны сияқты  сыйлықтар тігіліп, жиналған жамағат айдарға белсене ат салысты. Мешіт имамдары кешті өзінің уағыздарымен безендіріп жалғастыра кетті.

Дін жанашырларының демеушілігімен асханада жиналған жамағатқа сәресі дастарханы жайылып, бауырларымыз  ауыздарын бекітіп, келесі күннің оразасына ниет етті. Жиналған қауымның сөзіне жүгінсек, бұл түн ерекше түн, рухани кемелдену түні, мұсылмандық бауырмашылдықты нығайтатын түн, иман деңгейінің көтерілуіне үлкен септігін тигізген түн болды деп  разылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатты.

Таң намазы оқылып, дұға жасалып, жамағат үйлеріне тарқасты. Раббымыз осындай ұлық күнде жасалған ғибадат құлшылықтарымызды, дұғаларымызды қабыл еткей!

Аудандық «Қордай» мешітінің

баспасөз қызметі.

 

Көп тілегі игілікке жеткізеді.  

Қадір түні Алла тағала өзінің ақырғы пайғамбарына Құранның алғашқы аяттарын түсіре бастаған. Бұл түн сонысымен де ерекше,  әрі қайырлы. Иісі мұсылман баласы бұл түні Жаратушыға  жалбарынып, ізгі тілектер тілейді.

Қалыптасқан дәстүр бойынша кеше өткен Қадір түні жамағат мешіттерге көптеп ағылды. Аудандық орталық мешітке қауымның  қарасы мол болды. Олардың қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Б.Құлекеев өз орынбасарларымен, мекеме, ұйым басшыларымен бірге келді.

Ауданның бас иманы А.Кенжемолдаев  аз-кем уағыз айтып, Қадір түнінің ерекшеліктерін білдіргеннен кейін  сөз аудан әкімі Б.Құлекеевке берілді.  Батырбек Әбдірәсілұлы қауымды осынау ұлық оқиғамен құттықтай келе, Алла тағаладан көп тілеуінің қабыл болуына тілек қосты. Мешіттегілердің әсіресе жастар, оқушы жастар екенін ескерген аудан әкімі оларды білім алуға, тәуелсіз елдің лайықты, өнегелі азаматы болуға үндеді.

Қадір түніндегі  жамағаттың құлшылығы таңға дейін жалғасты. 

Қайырлы Үмбет,

Жуалы  ауданы. 

 

«Сұлтан» мешіті  қасиетті түнді қарсы алды.

 

Т.Рысқұлов ауданы  «Сұлтан» орталық мешітінде Қадыр түні бұрынғыдан ерекше  өтті. Қадір түнінің қадірін білген халық мешіттің іші мен сыртына лық толды.

 

ҚМДБ-ның берген тапсырмалары негізінде Рамазан айында атқарылуы тиіс болған іс-шаралар басшылыққа алынып, Рамазан айының ішінде орын алған қадірлі кешке арнайы бағдарлама құрылды.

 «Сұлтан» орталық мешітіне қасиетті  түндікүтуге  мыңға жуық адам жиналды.Сол түні  тарауих намазында қасиетті Құранның соңғы 3 парасын Исаков Фахреддин  қари оқып,  Құранды толық хатым етті. Тарауих намазының соңынан қариларға қазақы дәстүрмен шапан жабылды. «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Джадраев Сұлтаншәріп қажы  келген жамағатқа Қадыр түнінің қасиеттілігі жөнінде, Отанымызды сүю – имандылықтан екендігі және Аллаһқа деген құлшылықтың адам баласын бақытты ететіні жайлы бір сағаттай уағыз-насихат айтып, барша халықты Қадір түніндегі тілек-дұғалары қабыл болуын сұрап, дұға етті.

Жоғарыда аталған бағдарлама бойынша 20 минуттай халыққа еркін құлшылыққа уақыт берілді. Құран Кәрім оқылып,  дұға жасалды. Артынан жаппай жамағатпен тасбих намазы оқылды.

Сәресіде  «Шаңырақ» мейрамханасында 200 адамға дастархан жайылып, келген жамағаттардың  барлығы дастархан басына  жайғасты, сәресі соңынан әруақтарға Құран бағышталып, ақсақалдар бата беріп, алғыстарын білдірді.

 

Әбілда Мейірханов,

 әскери зейнеткер.  

Т.Рысқұлов ауданы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: