Рамазан – жақсы амал жасайтын, Алланың ризашылығына бөленіп, сауап жинайтын ай. Рамазан – Құран түскен ай. Бұл айда жасалған жақсы істердің бірнеше есе еселеніп көбейетінін ескерсек, ораза ұстаушы жамағатты құрметтеудің маңызы қаншалықты зор екенін аңғару қиын емес. Елбасымыздың қолдауымен еліміз бейбіт күнде Құдайға құлшылығын жасап, бірлік пен татулықты ту етуде.
Жақсы айдағы игі істер барлық аймақтарда жүзеге асып отыр. Имандылыққа кеңінен бет бұрған елімізде иманның бес парызын орындауға ниетті кісілердің көбейгені қуаныш.
09 шілде күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Тараз қаласындағы «Сәтті» мейрамханасына жүздеген жамағатты жинап, Ұлық айды ардақтаған көпшілікке ауызашар берді. Бұл іс-шара ҚМДБ-ның облысымыздағы өкілі Данияр Жұмабаевтың құран оқуымен басталды.
Келесі сәтте облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы сөз алып, сауабы мол осынау қасиетті айдың ерекшелігіне, көпшілікке тағылымы мен тәлімі мол екеніне тоқталып, облысымызда жылдан жылға ауыз бекітуші кісілердің қатары көбейіп отырғанын айтып өтті. Облыс басшысы бұл айда қасиетті Қадыр түні бар екеніне, Рамазан кештерінде ауызашар дастарханын жайып, елге дәм ұсыну игі іс екеніне, мұндай амал көрші мен көршіні, ағайын-туыс, жекжатты ынтымаққа, бірлікке шақыратынына тоқталып, ораза ұстаушы қауымға «Ниет қабыл болсын!» деген ақ тілегін арнады. Елбасымыздың қолдауымен, сара саясатымен елімізде сәт сайын өркенді істер жүзеге асса, біздің облыстағы даму мен өрлеу ынтымағы жарасқан, ақ ниетті халық барда жалғаса беретінін айтып өтті.
Келесі сәтте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков сөйлеп, ақ ниетін білдірді. Байзақтық ардагер Кемал Беспайұлы, Қордай ауданы ақсақалдарының атынан Төле Сүгірбай, таластық қария Мақсұт Сатымбеков, облыс жастары атынан Серікбол Берікқожа сөз сөйлеп, қасиетті айдағы мұндай басқосулардың тәрбиелік-тәлімдік мәні зор екеніне тоқталып, облыс басшысына алғыс айтты.
Облысымыздың бас имамы Данияр Жұмабаев көпшілікке діни насихатын арнап, жұртты жақсы амалдар жасауға, ізгі жолдармен жүруге шақырды. Құран аяты мен Пайғамбардың хадистерінен дәлел келтіріп айтқан жақсы насихат барша көңілдерді нұрландырып, жүректерге жетіп жатты.
Жиын соңында соғыс және еңбек ардагері Уәтай Әлімходжаев дастарханға бата беріп, Рамазаннан рамазанға аман жете берейік деген тілегін білдірді. Сауапты дастарханға жиналған көпшілік бір-біріне «Ниет қабыл болсын!» деген тілектерін айтып, жақсы көңілмен тарқасты.
Есет Досалы.