Биыл ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен еліміз бойынша атқарылып жатқан қайырымдылық шарасы Тараз қаласында да жалғасын тапты.
Осы бастамаға орай Ораза айтының екінші күні Тараз қалалық «Әулие ата» мешітінде, жұма намазынан кейін, биыл мектепке алғаш баратын және 6-шы сыныпқа дейінгі оқушыларға жаңа оқу жылына лайық сыйлықтар таратылды. Алдын ала хабарланған мешіт жамағаты көмек қажетсініп отырған отбасынан іріктеп бір сыпыра балғындардың тізімін берген болатын.
Намаздан кейін ата - аналарымен келген ұл - қыздарға, әрқайсысы өздерінің жастарына лайық арнайы алынған сөмке мен оқу жабдықтары үлестірілді. Мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған балғындар мерекелі күн құрметіне сәнді сөмке мен түрлі оқу жабдықтарын алғанда, қуаныштан балауса жүздері бал - бұл жанып, шаттыққа бөленді. Ата - аналар, бұл іс - шараның жас ұрпақ тәрбиесінде, әсіресе иманды қоғам қалыптастыруда аса үлкен маңызы барын айтып, Бас мүфтиге және дін қызметкерлеріне алғыстарын арнап, игі тілектерін білдірді.
Тараз қалалық «Әулие - ата» мешітінің
қызметкері Әлішеров Қуанышбек