Адал мен арам табыстың айырмашылығы қандай?

Адал мен арам табыстың айырмашылығы қандай?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
Ислам діні – тазалық пен пәктіктің негізінде құрылған дін. Алла Тағала мүмін-мұсылмандарға адал кәсіп, адал жол арқылы ризық-несібе табуға, сондай-ақ ризық-несібенің тек тазасынан (адал, халал) тұтынуға бұйырады. Бұл жайында Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 168-аятында былайша баяндалады:
«Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адалын әрі тазасын жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168-аят).
Жаратушымыздың бұл әмірі – пендесінің пайдасы үшін. Пәк нәрселерді жеп, одан пайдаланған адамның әрқашан саулықта болары сөзсіз. Сондай-ақ осындай пәктік пен тазалыққа бұйырған Раббысына пендесінің шүкіршілік етуі – оның борышы.
 
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде былай дейді: «Сендерге не нәрсе адал етілген болса, оны қолданыңдар, ал арам етілген нәрселерден шеттетіліңдер» (Ибн Маджа). Және тағы бір хадисте: «Ризықтың ең жақсысы, ең тазасы және ең қайырлысы – ол өз маңдай терімен, еңбектеніп тапқан наны», – деп айтылады (Бұхари риуаяты).
 
Адал кәсіппен арам кәсіптің айырмашылығын, ризық табудың жолдарын былайша түсінуімізге болады. Жалпы ризық талап етушінің үш түрлі амалы бар:
  1. Біріншісі: Барлық ризық-несібе, байлық, мүлік адамның өз күшімен, білімімен, парасатымен, қабілетімен келеді деп сенеді.
  2. Екіншісі: «Аллаға тәуекел еттім, Алла өзі асырайды» деп қол қусырып отырады.
  3. Үшіншісі: Қолдан келген қызметін атқарады, амалын жасайды, еңбектенеді, содан кейін ісін Аллаға тапсырады. Жаратушы қаласа ғана адал ризық келеді деп түсінеді, дұға етеді. Мұның жағдайы көктемде жер қазып, дән егіп, күзде егін орып аламын деп үміттенген диқаншы іспеттес.
Ең дұрыс амал – үшінші адамның амалы. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер еді, онда Ол сендерді таңертең аш кетіп, кешке қарындары тойып қайтатын құстарды тамақтандырғанындай ризықтандырар еді», – деген (Тирмизи риуаяты).
 
Жалпы, адал мен арам табыстың арасы жер мен көктей. Суфян әс-Саури былай дейді: «Арам ақшамен садақа берген, мешіт салдырған, жақсылық істеген адам кірлеген киімді зәрмен жуған адамға ұқсайды. Киімі одан сайын кірлейді».
Адал табыс адамды имандылыққа үйретеді. Арам табыстың берекесі болмайды. Осыны ұмытпайық, жамағат!

 

Үмбет Сабырханов
«Әл-Хақ» мешітінің имамы
Т. Рысқұлов ауданы
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active