Ислам және отбасы берекесі

Ислам және отбасы берекесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
Отбасы тыныш әрі тату болса, ол жерде береке болады. Отбасы тыныштығы – ең маңызды мәселелердің бірі. Жаратушымыз Құранда:
«Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар», – деп баяндайды («Рұм» сүресі, 21-аят).
Жанұяда кейде қате-кемшіліктер болып жатады. Адамдар мейірім мен махаббат арқылы жанұядағы түрлі қателіктерді кешіре білуі керек.
Ибн Аббас (р.ғ.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) риуаят етеді, Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Кішілерімізге рақымдылық танытпаған, үлкендерімізге құрмет жасамаған, жақсылыққа бұйырып, жамандықтан қайтармаған адам бізден емес». Кешірімді болу дінімізде жақсы деп танылған сипаттардың біріне жатады. Өзгені кешіру нәпсіге ұнамаса да, бұл үлкен бүліктердің алдын алады әрі тыныштыққа кепілдік болады.
 
Ислам шариғаты жанұяда әрдайым ауызбіршілік сақталуын, киелі ақ некені түрлі жағдайлардан абайлап қорғауды талап етеді. Өйткені татулық сақталмаса, ерлі-зайыптылардың ажырап кетуіне әкеп соғады.
Хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өз отбасыларыңмен татулықта өмір сүріңдер, мен де өз отбасыммен татулықта қарым-қатынаста болғанмын», – дейді.
Кейде жастарымыз құр бекер, пайдасыз сөздерге сеніп, арзымайтын нәрселерден шешім шығарып, соңында «талақ» сөзінің мағынасын білмесе де тілге тиек етіп, отбасыларының шырқын бұзып жатады. Ері арақтан, әйелі интернеттен (түрлі өсек, қаңқу әңгімелерден) көз ашпайтын шаңырақтардың да талай шайқалғанын көз көрерде болды. Талақ демекші, «талақ» – өте ауыр сөз, сондай-ақ бұл сөз – Алланың ашуын келтіретін, Арш тітіркенетін сөз. Біле білсек, адам ашуланғанда да ақылынан адасады.
 
Дана Абай: «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп айтқандай, отбасының тірегі болған ерлі-зайыптылар ең әуелі өздері өз шаңырағына үлгілі бола білуі керек. Айта берсе көп, тіпті ене мен келін арасындағы жақсы байланыс та отбасының татулығы үшін маңызды. Тыныштық әрбір жанұяда ең басты рөл атқарады. Отбасын құрған адам жақсы өмір сүрсем деп ниеттенеді. Жұбайы мен перзенттеріне өз мейірімін төгуге әрекет жасайды. Өзінің ошағын қасиетім деп санайды. Жанұя мүшелерін көзінің қарашығындай көреді. Иманды әке мен намысты анадан салихалы ұрпақ өмірге келеді. Олар да болашақтан жақсы үміт күтіп, ізгілікпен ғұмыр кешеді. Қандай да бір жақсы отбасының тәлім-тәрбиесі қоғамға да, мемлекетке де өз әсерін тигізері сөзсіз. Сол үшін де үлкендеріміз: «Болашақ – жастардың қолында», – деп бекер айтпаса керек. Саңлақ сахаба Әбу Дарда (р.ғ.) бірде өзінің әйеліне былай деген екен: «Ашуым келгенде мені разы қылуға, көңілімді көтеруге әрекеттен, сенің ашуың келгенде мен де сені разы қылуға ұмтылайын. Әйтпесе, олай жасамайтын болсақ, екеуміздің бірге ғұмыр кешуіміз (жанұяны сақтап қалуымыз) екіталай».
 
Баршамызға мәлім болғандай, «Әссәләму алейкум», яғни «Сізге тыныштық пен амандық тілеймін» деген сөздің түпкі мағынасының өзі баршамызды тыныштық нығметінің қадіріне жетуге үндейді. Имам Матуриди өзінің бір сөзінде: «Тыныштық қаласаң, ешкімге жамандық қылма», – дейді.
 
Сондықтан, құрметті оқырман! Отбасылық тәлім-тәрбиені сақтайық, ол арқылы ұлттың ең негізгі құндылығы болған тілімізді, руханиятымызды сақтайық. Өйткені отбасы – перзенттеріміздің шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастау алатын тәлім-тәрбие мектебі. Отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қамқорлығы мен сүйіспеншілігі арқылы әрбір адам өз өмірін мәнді әрі мағыналы ете алады. Мақаламызды түйіндей келе айтарымыз, әр шаңырақта түсіністік пен татулық салтанат құрған кезде ғана қоғамда тұрақтылық пен береке нығая түседі. Өйткені отбасы тыныштығы – қоғамның тыныштығы. Бірде бір жиында бір ағамыздың «Мықты отбасы – мықты мемлекет» деген сөзін құлағым шалып еді. Айтылған сөзді саралап, терең ойлап қарасаң, өте дұрыс айтылған сөз. Отбасыларымыз татулық пен тыныштықта өмір сүре берсін!
 
Түзелбеков Қуаныш
«Аудандық Сұлтан» мешітінің имамы
Т. Рысқұлов ауданы
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active