Үлкенге құрмет, кішіге ізет – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұрасы, адамгершіліктің алтын арқауы. Бұл – тек әдеп нормасы емес, ұлттың рухани болмысын айқындайтын, ұрпақ тәрбиесінің өзегіне айналған өмірлік қағида. Қай заманда да қазақ қоғамында үлкенді сыйлау – парыз, ал кішіге қамқор болу – азаматтық міндет саналған.
«Үлкенді құрметтеген өзі қартайғанда құрметке бөленеді» деген нақыл сөздің астарында терең мән жатыр. Бұл – өмірдің өз заңдылығы. Бүгін сен үлкенге қалай қарасаң, ертең саған да сондай қарым-қатынас жасалады. Осы тұрғыда Әнес ибн Мәлик (р.а.) жеткізген хадисте пайғанбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Алла Тағала үлкеннің жасын сыйлап, құрмет көрсеткен жастарға, қартайған шағында өзіне де дәл солай құрмет көрсетіп, қызмет ететін жасты кез қылады» – деп өсиет еткен. Бұл хадис – құрметтің тек адамға емес, Алланың алдында да үлкен сауап екенін көрсетеді.
Халқымызда «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген мақал бекер айтылмаған. Бұл сөз – ұлт тәрбиесінің тұтас бір жүйесін білдіреді. Әрбір жас ұрпақ осы ұстаным арқылы имандылыққа, мейірім мен қайырымдылыққа тәрбиеленеді. Себебі адам бойында жақсы да, жаман да қасиеттер болады. Ал сол қасиеттердің қайсысы басым болатыны – алған тәрбиесіне байланысты.
Қазақ отбасында бала тәрбиесі бесіктен басталады. Ана әлдиімен мейірімге баулыса, әке өнегесімен жауапкершілікке үйретеді, ал ата-әже ақылымен өмірдің мәнін түсіндіреді. Үлкеннің сөзі – тәрбие, ісі – үлгі. Сондықтан да бала бойындағы ізеттілік ананың ақ сүтімен, үлкеннің өнегесімен, ұстаздың тәлімімен қалыптасады.
Күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттердің өзі үлкен тәрбиелік мәнге ие. Мәселен, жасы үлкенге иіліп сәлем беру, алдын кесіп өтпеу, жол беру, есік ашу, дастархан басында үлкеннен бұрын қол созбау, сөзін бөлмеу – мұның барлығы халқымыз үшін бұлжымас әдеп нормалары. Бұл – тек сыртқы мәдениет емес, адамның ішкі тәрбиесінің көрінісі.
Қоғамдағы ізгілік пен бірліктің негізі де осы – үлкенге құрмет, кішіге ізеттен басталады. Үлкенін сыйлаған ел – текті ел, кішісін құрметтеген ел – келешегі кемел ел. Сондықтан әрбір жас осы құндылықтарды жүрегіне сіңіріп өссе, қоғамда мейірім мен сыйластық арта түседі.
Қорытындылай келе, үлкенге құрмет, кішіге ізет – ұлттың рухани тірегі, тәрбиенің темірқазығы. Бұл қасиеттерді сақтау – әрбір азаматтың борышы. Өйткені адамды адам ететін – оның мінезі мен әдебі. Ал көркем мінездің ең биік көрінісі – үлкенді сыйлап, кішіге қамқор бола білу.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


13 Май 2026
26 Зуль-каада 1447

