КӨРКЕМ МІНЕЗ – КЕМЕЛДІК КӨРІНІСІ

КӨРКЕМ МІНЕЗ – КЕМЕЛДІК КӨРІНІСІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Көркем мінез – адам баласының ішкі әлемін айшықтайтын асыл қасиет, рухани кемелдікке бастар алтын көпір. Ол – Пайғамбарлардан мирас болған ұлы мұра, шыншылдар мен ізгілердің өмірлік ұстанымы. Көркем мінез – тек сыртқы әдеп қана емес, жүректегі тазалық, ниеттегі адалдық, іс-әрекеттегі парасат.

Адам баласының мінез-құлқы ең алдымен отбасы тәрбиесінен бастау алады. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетін бала үшін ата-ананың әрбір сөзі мен ісі – үлгі. Сондықтан әке мен ананың перзентіне берер ең үлкен сыйы – дүние емес, жақсы тәрбие. Ал сол тәрбиенің шыңы – көркем мінез. Қазақ халқы бұл ақиқатты ертеден-ақ терең түсініп, ұрпағын мақал-мәтел арқылы тәрбиелеген. «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі», «Он бәленің тоғызы тілден», «Біреуге ор қазба – өзің түсесің» деген нақыл сөздер – ұлттың тәрбие.

Көркем мінез – тек сөзбен емес, іспен дәлелденетін қасиет. Дін мен дәстүрді қатар ұстанған ата-бабаларымыз ұрпағына үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйретті. Мұндай қасиеттер қоғамда татулық пен бірліктің берік іргетасын қалайды. Өйткені көркем мінез – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның айнасы.

Ислам ілімі де көркем мінезді иманның ажырамас бөлігі ретінде қарастырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) өз өмірімен адамзатқа мінездің ең биік үлгісін көрсетті. Айша анамыздан жеткен хадисте оның мінезі жайлы сұралғанда: «Оның мінез-құлқы – Құран еді» деген сөзі – көркем мінездің мәнін ашатын терең тұжырым. Яғни, Құранда айтылған барлық ізгі қасиеттер пайғамбардың бойынан табылған.Пайғамбарымыз (с.а.у) отбасындағы қарым-қатынастың да ең көркем үлгісін көрсетті. Ол бір хадисінде: «Сендердің ең жақсыларың – жанұясына жақсы болғандарың. Ал мен сендердің іштеріңдегі жанұясына ең жақсы қарайтын адаммын», – деп, отбасы ішіндегі ізгілік пен сыйластықтың маңызын айқындап берді. Бұл – қоғамның негізі отбасы екенін, ал оның берік болуы көркем мінезге тікелей байланысты екенін білдіреді.

Алайда бүгінгі қоғамда кейбір жандар діннің сыртқы белгілеріне ғана мән беріп, оның ішкі мазмұны – көркем мінезді екінші орынға ысырып жатады. Сақал қою, балақты қысқарту немесе мисуак қолдану – сүннет амалдары болғанымен, пайғамбарымыздың шынайы мұрасы – оның мейірімділігі, қарапайымдылығы, сабырлылығы мен әділдігі екенін ұмытпауымыз қажет. Нағыз мұсылман – жүрегі жұмсақ, сөзі жылы, ісі әділ адам.

Қорытындылай келе, көркем мінез – адамды биікке көтеретін, қоғамды гүлдендіретін, ұлтты ұйыстыратын құндылық. Әрбір адам өз мінезін түземейінше, сыртқы жетістіктердің мәні болмайды. Сондықтан әрқайсымыз жүрегімізді тазалап, сөзімізді салмақтап, ісімізді ізгілікке бағыттай білсек – нағыз көркем мінездің иесі атанамыз.

Ержан Көшкімбай

Мойынқұм ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: