Дін мен дәстүр сабақтастығы – рухани тұтастығымыздың негізі

Дін мен дәстүр сабақтастығы – рухани тұтастығымыздың негізі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қай халықтың болмасын салт-дәстүрі оның болмысын, мінез-құлқын, дүниеге деген көзқарасын айқындайды. Қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері де ұлттың тәрбиесімен, сенімімен, өмір сүру салтымен тығыз байланысты қалыптасқан. Сондықтан бүгінгі күннің басты міндеті – осы асыл мұраны жас ұрпақтың бойына сіңіру, оларды рухани тұрғыда байыту, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға тәрбиелеу.

Ислам діні – адамзат баласын ізгілікке, мейірімділікке, адамгершілікке бастайтын иләһи жол. Ол адамды жамандықтан тыяды, жақсылыққа үндейді. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Мен көркем мінезді толықтыру үшін жіберілдім» – деген хадисінде діннің негізгі мақсаты адамның мінез-құлқын көркем ету екенін айқын көрсетеді.

Сондай-ақ тағы бір хадисте:

«Сендердің ең жақсыларың – мінезі көркем болғандарың» – делінген. Бұл хадистер қазақ халқының «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын», «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі – жапырақ» деген нақыл сөздерімен үндесіп жатыр.

Ал дәстүр – ұлттың жазылмаған заңдары. Ғасырлар бойы адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеп, қоғамдағы тәртіп пен үйлесімділікті сақтауда үлкен рөл атқарған. Бүгінгі күнде де кейбір әлеуметтік мәселелердің шешімі халықтың салт-дәстүрі арқылы табылып жатқанын көріп жүрміз.

Дәстүр – белгілі бір қоғамда тарихи тұрғыда қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мінез-құлық нормалары мен әдет-ғұрыптар жиынтығы. Сондықтан дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қою – үлкен қателік. Керісінше, олар өзара үйлесім тауып, бірін-бірі толықтырып отырады.

Халқымыз ежелден «адал», «арам», «обал», «сауап» ұғымдарын өмірінің негізі етіп ұстанған. Бұл төрт ұғым – исламдағы тақуалықтың көрінісі. Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Адал анық, арам анық» – деп, әрбір мұсылманның өмірінде халал мен харамды ажырата білуі маңызды екенін ескерткен. Қазақтың мақал-мәтелдері де дін мен дәстүрдің сабақтастығын айқын көрсетеді. Мәселен, «Ұят – иманнан» деген сөз Пайғамбарымыздың:

«Ұят – иманның бір бөлігі» деген хадисімен тікелей үндеседі.Сол сияқты:

– «Жарлы болсаң да, арлы бол»

– «Өлімнен ұят күшті»

– «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің» деген нақылдар исламның адамгершілік қағидаларымен толық сәйкес келеді.

Тарихымызда дін мен дәстүрді қатар ұстанған билер мен жыраулар, ақындар мен ғұламалар ұрпақты имандылыққа, әділдікке, парасаттылыққа тәрбиелеп келген. Осылайша ислам құндылықтары халқымыздың тілі мен мәдениетінде көрініс тауып, салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткен.

Қорыта айтқанда, дін мен дәстүр – бір-біріне қарсы емес, керісінше бірін-бірі толықтыратын ұғымдар. Бұл екеуінің сабақтастығы – ұлттың рухани тұтастығының кепілі. Бүгінгі таңда жастарға дұрыс бағыт беру үшін біз оларға тек діни білім ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды да қатар үйретуіміз қажет.

Егер біз ұрпақ санасына дәстүрлі дін мен ұлттық тәрбиені қатар сіңіре алсақ, онда жат ағымдарға қарсы берік қорған қалыптастырамыз. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Рухани құндылықтарымызды сақтап, дін мен дәстүрді үйлестіре білсек, қоғамымыздың іргесі берік, болашағы нұрлы болмақ.

Ержан Көшкімбай

Мойынқұм ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: