ЖАТ АҒЫМ – ҰЛТ БІРЛІГІНЕ ҚАУІП

ЖАТ АҒЫМ – ҰЛТ БІРЛІГІНЕ ҚАУІП

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Діни теріс ұғымы қазақ даласына жат болғаны – тарихи ақиқат. Ғасырлар бойы халқымыз бір дінді, бір мәзһабты ұстанып, ынтымақ пен бірлікті ту етіп келді. Сенімі бір, ниеті таза ел ешқашан бөлінуді білмеген. Алайда соңғы жылдары асыл дініміздің атын жамылып, оның шынайы болмысын бұрмалап көрсететін түрлі жат ағымдардың белсенділігі арта түсті. Бұл – қоғам үшін үлкен қауіптің белгісі.

Бүгінде әлемде түрлі мүдделер тоғысып, кертартпа, теріс пиғылды ағымдар көбейіп отыр. Олар діннің атын пайдалана отырып, халықтың санасына күмән мен іріткі салуды көздейді. Нәтижесінде, Ислам дініне түрлі жағымсыз атаулар таңылып, оның бейбіт әрі ізгі дін екендігі көмескілене бастайды. Шын мәнінде, Ислам – бірлікке, татулыққа, адамгершілікке шақыратын дін.

Осындай жат ағымдар халықты ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі жолдан алыстатуды мақсат етеді. Ашық та, жасырын түрде әрекет ететін бұл топтар қоғам ішінде өздерінің теріс идеяларын таратып, әсіресе жастардың санасын улауға тырысады. Олар ұлттық дүниетанымымызбен біте қайнасқан Әбу Ханифа мәзһабын жоққа шығарып, халықты түп-тамырынан ажыратуды көздейді.

Ең өкініштісі – мұндай ағымдардың шырмауына түскен кейбір жастар хақ дін мен жалған бағыттың ара-жігін ажырата алмай дал болады. Бұл – діни сауаттың жеткіліксіздігінен туындайтын мәселе. Себебі жат ағымдар өз идеологиясын «ақиқат» ретінде көрсетіп, қарапайым адамдарды алдап-арбаудың түрлі тәсілдерін қолданады. Олардың түпкі мақсаты – «бөліп ал да, билей бер» қағидасына негізделгені анық.

Сондықтан да мұндай қауіптің алдын алу – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Еліміздің болашағы – жастардың қолында десек, олардың дұрыс бағытта тәрбиеленуі аса маңызды. Тәрбиенің негізі отбасынан басталып, балабақша, мектеп және жоғары оқу орындарында жалғасуы тиіс. Ата-ана баласының тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, ұстаз біліммен қатар ізгілікке баулыса, дін қызметкерлері көркем уағыз арқылы имандылықты насихаттаса – қоғамда дұрыс көзқарас қалыптасады.

Бұл ретте Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың: «Адамға ең бірінші – білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі ерекше мәнге ие. Расында да, тәрбиесіз білім – адамды адастыруы мүмкін. Ал дұрыс тәрбие алған ұрпақ ешқашан теріс жолға түспейді.

Қорытындылай келе, жат ағымдар – ұлт бірлігіне, рухани тұтастығына төнген қауіп. Одан сақтанудың ең тиімді жолы – жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, ұлттық және діни құндылықтарды терең меңгерту. Әрбір отбасы осы жауапкершілікті сезініп, өз ұрпағын дұрыс жолға бағыттаса ғана қоғамымыз берік, болашағымыз жарқын болмақ.

Ержан Көшкімбай

Мойынқұм ауданының бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: