Қоғамның тыныштығы мен елдің бірлігі – ең үлкен нығметтердің бірі. Дін де адамдарды татулыққа, өзара құрмет пен бауырмалдыққа үндейді. Ардақты Пайғамбарымыз сахабаларын әрдайым бірлікке шақырып, жік-жікке бөлінуден, дұшпандық пен алауыздықтан сақтандырған. Хадисте:
«Алладан қорқыңдар! Егер сендерге құл әмір болса да, оны тыңдаңдар және бойұсыныңдар. Расында, араларыңда ұзақ өмір сүргендер көп келіспеушілікке тап болады. Сондықтан менің сүннетімді және тура жолдағы халифалардың сүннетін ұстаныңдар», – деп өсиет еткен.
Бұл ескерту – дінді бұрмалаушы ағымдардың шығатынын алдын ала білдіріп, олардан қорғанудың жолын көрсету. Бүгінгі күні де әр мұсылманның иманын берік сақтап, жат ағымдардың жетегінде кетпеуі аса маңызды. Жастардың теріс жолға түсуінің басты себептерінің бірі – діни сауатсыздық. Діни білімі таяз адам қасиетті мәтіндердің мағынасын дұрыс түсінбей, түрлі ағымдардың алдауына оңай ілігеді.
Алла Тағала алғашқы уахида: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы…» – деп білім алуға бұйырды. Демек, оқу мен ізденіс – діннің өзегі. Пайғамбар хадисінде де: «Білім іздеу – әрбір мұсылманға парыз», – делінген.
Сондықтан діни сұраққа жауапты күмәнді интернет көздерінен емес, сенімді ұстаздар мен мешіт имамдарынан алу – адасудан сақтайтын маңызды қадам.
Жат ағым өкілдерінің тағы бір белгісі – ата-бабадан келе жатқан дәстүрлі құндылықтарды жоққа шығару. Олар халықтың салт-дәстүрін «бидғат» деп қабылдамай, қоғамды рухани тамырынан ажыратуға тырысады. Алайда Ислам әр ұлттың шариғатқа қайшы келмейтін әдет-ғұрпын сақтауға қарсы емес. Керісінше, ғұрып шариғи өлшемге сай болса, ол дәлел ретінде қарастырылады. Қасиетті аятта: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – делінуі осыны аңғартады. Демек, дәстүр мен дін – бір-біріне қарсы емес, қайта өзара сабақтас құндылықтар.
Бөліну мен алауыздық – қоғамды әлсірететін ең қауіпті дерт. Қасиетті кітапта мүминдерге «Алланың жібіне жабысыңдар да бөлінбеңдер» деп бұйырылуы бекер емес. Адам денесіндегі ағзалар бірлесе қызмет еткенде ғана дене сау болатыны секілді, қоғам мүшелері де бірлік пен бауырмалдықта болғанда ғана ел іргесі берік болады. Ал жат ағымдар дәл осы бірлікті бұзуды көздейді.
Қорытындылай айтқанда, жат ағым – адамды ғана емес, тұтас қоғамды жарға жығатын қауіпті құбылыс. Одан сақтанудың ең сенімді жолы – дұрыс діни білім алу, ата-дәстүрді құрметтеу және мұсылмандық бірлікті сақтау. Иманын біліммен бекіткен, тарихы мен рухани тамырын ұмытпаған ұрпақ қана адасудан аман қалып, ел болашағын нұрлы етеді. Сондықтан әрбіріміз жүрегімізді сақтап, бірлігімізді бекем ұстап, тура жолдан таймауға күш салуымыз қажет.
Ержан Көшкімбай
Мойынқұм ауданының бас имамы


07 Наурыз 2026
18 Рамадан 1447

