«Әзірет Сұлтан» мешіті ұйымдастырған «Бес парыз және тарих тағылымы» атты діни республикалық мүшәйраға өлең қабылдау мерзімі 21-мамыр күні өз мәресіне жетті. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, айтулы аламанға еліміздің түкпір-түкпірінен үкілеп өлең қосқан үміткерлердің хаты байқау басталғалы үздіксіз келіп жатты. Тіпті, алыстағы аламаннан Muslim.kz сайты арқылы хабардар болған Моңғолиядағы қандастарымыз да қоңырау шалып, қатысуға өз өтініштерін білдірді. Осылайша, ҚМДБ тарапынан жарияланған «Дін және тарих тағылымы жылы» аясында ұйымдастырылып отырған діни мүшәйраға ұзын-саны 434 ақын қатысып, бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған жырларын жолдап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, мүшәйра шарты бойынша әр үміткер хабарландыруда көрсетілген екі тақырып бойынша өлең жолдауы тиіс. 14-қаріппен жазылған әр өлеңнің көлемі 3 беттен аспауы және бұрын-соңды баспа бетін көрмеген болуы керек. Туындылардың үздігін таңдап, мүшәйра жеңімпазын анықтайтын қазылар алқасының құрамына кәсіби ақындар мен білікті дін ғалымдары шақырылып отыр.
Байқау қорытындысы 4-маусым күні Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім сарайында» өтетін «Берекелі Рамазан» атты рухани кеш аясында жарияланатын болады. Жүлдегер ақындар жұртшылық алдында өлеңдерін оқып, асыл дініміздің ақиқатын жыр жолдарымен асқақтата түспек. ҚМДБ-ның бастамасымен ұйымдастырылып отырған рухани кештің билеттерін Астана қаласының мешіттерінен алуға болады.
muslim.kz