Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жеткізуімен Алла Тағала былай дейді: "Адам баласының әрбір жасалған ізгі амалы он еседен жүз есеге дейін көбейіп, еселенеді. Алла Тағала айтады: "Тек оразадан басқасы. Өйткені ол (ораза) Мен үшін және оның сауабын Өзім беремін. (Өйткені пенде) Мен үшін нәпсісін тыйып, ішіп-жеуден тыйылды". Ораза ұстаушы үшін екі қуаныш бар: бірі ауыз ашар кезіндегі қуаныш және бір қуаныш Раббысына жолыққанда.
Құрметті оқырман! Оразаның мұндай зор нығметке ие болуына себеп - ол жерде нәпсімен күресуде, әрі нәпсісін тиюда.
Жалпы ораза үш бөліктен тұрады.
Парыз ораза: Бұл Рамазан айының оразасы.
Уәжіб ораза: Бұл Кәффәрат (күнә істеп қойғандығы үшін ұсталатын) және Нәзір оразалар.
Мәндүб (мұстахаб) ораза: Жылдың қалған күндерінде ұсталынатын оразалар. Асыл дініміз бізді амал етуге бұйырған ораза әдептерінің кейбірі жайында сөз етеміз.
Рамазан айына дайындалу әдептері
Рамазан біздерге жылына бір мәрте келетін қонақ іспеттес. Ол намаз сияқты күнделікті қайталанып келіп тұратын құлшылық емес. Егер біз оны зор асқан құрметпен өткізетін болсақ қияметте құрметке бөленуімізге себепші болады. Қасиетті айдың әр уақытын бағалап, дұрыс әрі жақсылық амалдарға толы етіп өткізуіміз үшін қажетті бірнеше әдептерді ескергеніміз дұрыс.
Бірінші: Ораза ұстаушының ораза кезіндегі әдептері.
Күндіздері ғибадатпен шұғылдану; Уақытты ойын-күлкі, әзіл-мазақпен бекерге өткізбеу.
Көзді тыю және тілді тыю; Бұл дегеніміз, ғайбат, өсек, жалған сөз, мақтану және алдаудан ұзақ болу.
Пайғамбарымыз с.ғ.с. айтады: "Кімде кім ораза кезінде жалған сөйлеуден тиылмаса, оның ішіп-жеуден тиылып жүргендігіне Алла мұқтаж емес, яғни құр аш жүргенінің сауабы жоқ". (Имам Бұхари риуаяты).
Хадисте келтіріледі, Пайғамбарымыздың с.ғ.с. заманында екі әйел ораза ұстап жүріп, адамдарды ғайбаттап жүрді. Алла Елшісі с.ғ.с. ол екеуіне ыдыс беріп, құсуларын бұйырады. Әлгі екі әйел қан, ірің, ет бөліктерін құсады. Сол кезде Пайғамбарымыз с.ғ.с.: "Бұл екі әйел адал нәрседен (тағамнан) ораза ұстап, арам нәрсемен (адамдардың етін жеп, яғни ғайбаттап) ауыз ашты", дейді. (Имам Әбу Яғла риуаяты).
Екінші: Сәресі уақытындағы әдептері
Сәресін сәл кешіктіру; Сәресінен соң бірден таң намазының уақыты кіретін болуы керек. Зәйд ибн Сәбит р.ғ.айтады: "Пайғамбарымызбен бірге сәресін іштік және сосын бірден намазға тұрдық". Пайғамбарымыздан: "Сәресі мен таң намазы уақытының арасында қанша уақыт бар?" деп сұраған кезімізде, елу аят оқитындай уақыт", деп жауап берді.
Истиғфар және дұға; Сәресі уақыты дұғалар қабыл болатын уақыт.
Таң намазы; Таң намазын жамағатпен оқуға әрекеттену.
Үшінші: Ауызашар әдептері
Ауызашарды жылдамдату; Күн ұясына кіре сала ауызашарға қамдану сүннет амалына жатады.
Құрма және сумен ауыз ашу;
Егер мүмкіндік болып жатса, ауызды әуелі құрмамен, егер құрма табылмаса сумен ашқан абзал, өйткені су пәктеуші, тазалаушы.
Ауызашар дұғасын оқу;
Ауызашар кезінде тарауих намазына дайындық ретінде тамақты мүмкіндігінше орташа жеу. Өйткені, адам толтыратын ыдыстардың ең жаманы қарын болып саналады.
Ораза ұстаушыға ауызашар беру;
Төртінші: Рамазан айының жалпы әдептері
Үзірлі кісілердің әдептері:
Егер мұсылман кісі шариғи үзірлер (себептер) арқылы ораза ұстай алмай қалған болса да өзгелердің оразасын құрметтеп, тамақтанған кездерін әшкере етпеуі керек.
Құран тіләуаттарын көбейту:
Рамазан - Құран айы.
Иғтикафта отыру:
Рамазан айының соңғы он күндігінде мешітте иғтикәфта отыру сүннет амалынан болып табылады.
Қадір түнін күзету:
Дұғалар жасап, құлшылық етіп, намаздарды көбейту.
Пітір садақасы:
Мұқтаждардың жағдайын ойлап, пітір садақасын Рамазан айы бітпей өтеу әрбір мұсылман үшін уәжіб болып саналады.
Күнделікті кездескен адамдарға сәлемнен соң ораза айымен құттықтап жүру;
Бұл дегеніміз имандылықты, шүкіршілік пен ізгілікті білдіреді.
Рамазан айының көргендігін не болмаса өтіп жатқандығын перзенттерімізге білдіру; Оларға бұл айды құрмет қылу керектігін айтып, ой-саналарына сіңдіріп, бұл айда шаттықта жүру, нақты айтқанда қуанып жүру керектігін айтып жүруіміз керек.
Құрметті оқырман! Сөз соңында қорытындылай келе айтарымыз, бұл айдан біздер көптеген нәтижелер шығаруымыз керек. Рамазан айы арқылы адамдардың бойларында көркем мінездер қалыптасуы керек. Оразамын деп қойып, түрлі жанжал, реніш немесе құр бос әңгіме, ғибадат орнына бос жүру, пайдасыз сериалдар көру, тынымсыз ұйқы т.б. с.с. амалдармен шұғылданатын болсақ, онда күні бойы құр аш жүргеніміз болып саналады. Бұл айдың қадіріне жетіп, оны бір ғанибет деп білейік.
Алла Тағала Рамазан айын барша Ислам жұртшылығына берекелі етсін! Әрқайсымызға Рамазан айының сауаптарынан мақрұм қалмай, ізгі амалдар жасауымызды нәсіп етсін!
Үмбет Сабырханов
"Әл-Хақ" мешітінің имамы
Т.Рысқұлов ауданы


12 Наурыз 2026
23 Рамадан 1447

