Қазақ халқында: «Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген нақыл сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндігі мол екенін аңғартатын мағына жатыр. Өйткені, қоғамның, тіпті әлемнің дамуы мен оның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің мол үлесі бар екені ақиқат.
Қазақ қазақ болып орда құрып, ту көтерген шағында Керей мен Жәнібек ханға Жәнібек ханның анасы батасын беріп, атадан қалған асыл мұраларын, байлығын табыс етіп ұлдарын артынан қолдап отырған. Қаракерей Қабанбай батырдың жан жары Гауһар анамыз қазақ пен қалмақ арасындағы шайқаста ерліктерімен елдің есінде қалған. Гауһар анамыз қан майданда жары Қабанбай батырмен бірге жан алысып жан берісіп, ешқандай ауыртпашылықтан қаймықпай, табандылық таныта білген. Кейіннен өзінің тұңғышы болған қызы Назым да елдің есінде ерлік істерімен қалған деседі. Бұл да болса ана тәрбиесінің балаға әсерінің дәлелі болмақ.
Абай – қазақ халқы үшін шоқтығы биік ірі тұлғалардың бірі. Абайдың Абай болуы оның әкесінің Құнанбай болуымен қатар, әжесі Зереге де тікелей қатысты. Абай кішкентай күнінен әжесінің тәрбиесінде болған. Зере әжеміздің бесік жырын, ертегісін, әнін, жырын естіп өседі. Кезінде Зере анамыз Құнанбай бабамызды емізер кезде дәретпен емізетін болған. Бұл да үлкен тектіліктің белгісі. Зере анамыз ақылды, парасатты, жан баласын ренжітпейтін тақуа болған екен.
Қазақ жұртына аты әйгілі болған аналарымыздың бірі – Домалақ ана. Оның шын есімі Нұрила Әлисманқызы. Бәйдібек бидің үшінші әйелі болған. Анамыз кішкентайынан бабасы Мақтым ағзамның тәрбиесінде болған. Мақтым ағзамның түсінде Нұрила аян болып «Әулие әйел» деп атаған және оның білегін алғаш кім ұстаса, сол болашақтағы тағдырын біріктіретін күйеуі болады деп нышан-белгі берген екен. Бұл туралы бабасы Нұрилаға 8 жасында ескерткен көрінеді. Кейіннен 10 жас кезінде су алуға барған кезінде абайсыз құдыққа түсіп кетіп, оны Бәйдібек би Нұриланың білегін ұстап сыртқа шығарған. Осылайша Нұрила анамыз 19 жасында Бәйдібек биге тұрмысқа шығады.
Домалақ ананың қызы Қызайым анамыз да білгір, ибалы болып бой жетеді. Қызайым 17 жасында Найманның Төлегетай атты баласынан тараған Құтболаттың екінші ұлы Шағыр батырға ұзатылады. Кейін күйеуі қайтқан соң 5 жыл аза тұтып, әмеңгерлікпен қайнысы Тоқтарға қосылған. Анамыздың төрт ұлы болған. Қызай ана жастайынан парасатты да ақылды, кемеңгер, білімді болған. Оған осы парасаттылығы анасы Нұриладан (Домалақ анадан) дарыған. Анамыз келін болғаннан бастап жиын-тойларда, өлім-жітімдерде өз парасаттылығын көрсетіп, үлкендерге ибалы болумен бірге, кішілерге ақыл тәрбиесін жүргізген. Бай-бақытты күн кешкенде асып-таспаған, ел басына күн туғанда жаугершіліктен жасымаған. Балаларын қайратты, қажырлы болуға, бірлік пен ынтымақта өмір сүруге тәрбиелеген.
Қызай ана ақылдылығымен қатар өнерлі болған. Үйде отырғанда найман елінің бойжеткендеріне, өз қыздарына, немерелеріне кесте тігуді, ұршық иіріп, қап тоқуды, киіз басу сияқты өнерлерін үйретіп отырған. Ол кісі әрдайым «қызға қырық үйден тыйым» деген сөзді қыздарына ескертіп отырған. Осындай тәрбиенің арқасында ұлдары Итемген, Меңіс, Бегімбет, Дербіс анасына қамқор, еліне пана болып, жаумен шайқасқанда атойлап алға шығып, қазақ даласын қорғауға, Қызайлардың ел болуына, өсіп-өнуіне ерен еңбек сіңірген. Сол кездегі халық Қызай ананың парасаттылығына, ақылдылығына риза болып, әкесі Бәйдібек бидің қойған «Қызайым» атына орай толық атамай тектеп «Қызай» деп жүріп немесе «Бәйдібектің қызын ай» деп атап кеткен екен.
«Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деп бекер айтпаған болар, Нұриладай тектіден туған Қызай ана есімін қалың ел руына айналдырып, құрметтеп келеді. Халқымыздан шыққан аналарымыздың барлығын айта берсек, әрқайсысы өз алдына бір төбе. Мысалы, күйші анамыз Дина, күміс көмей Күләш апамыз, Шоқан атамыздың әжесі Айғаным әжеміз, Мұхтар Әуезовтың әжесі Дінәсіл әжеміз, Ақын Сара барлығы да – ізгі аналар. Сондай-ақ халық жадында сақталып қалған Тұмар, Зарина, Бегім, Бопай, Абақ, Айғаным, Күнбике, Зере тәрізді аналардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлік істері бүгінгі болашақ ұрпақ үшін өнеге.
Алла Тағала әуелі Адам атаны жаратады. Алайда жұмақтағы Адам ата қанша нығыметтерді көрсе де дара жүруден жалғызсырайды. Сөйтіп ол ұйықтап кеткен кезде Алла Тағала оның қабырғасынан Хауа ананы жаратады. Ұйқысынан оянғанда сомдалған сұлу мүсінді көріп, Адам таңырқай қалып: «Не үшін жаратылдың?» – деп сұрайды. Сонда Хауа анамыз: «Сен маған тұрақтауың үшін» деп жауап береді. Осы сөзді ғалымдар былайша тәпсірлеген екен: «Алла Тағала Адам атаға серік болып, көңілінің тыныштық табуы үшін Хауа анамызды жаратып берген».
Осыған дәлел ретінде Құранда «Рум» сүресінің 21-аятында Алла Тағала: «Әрі сендердің тыныштық тауып, орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де – Оның белгілерінен. Ақиқатында ойланып ақылға салатын адамдар үшін мұнда дәлел-ғибраттар бар» деп баяндаған.
Осы ретте мына оқиғаны айта кеткен жөн. Күндердің күнінде екі жұптың арасында жанжал шығып, күйеуі әйеліне қол жұмсап қояды. Сонда жары: «Мен барып сен үшін арызданамын» дейді. Күйеуі «Мен саған үйден шығуға рұқсат бермеймін» деп долданып, ашуланып есікті, терезелерді жауып қояды. «Енді не істейсің? Ұялы телефоның да менде» дейді. Сол сәтте әйелі әжетханаға кіріп, дәрет алып шығып күйеуіне: «Мен терезесі жоқ, ұялы телефон қажет болмайтын есігі мәңгі ашық Раббыма сен туралы шағымданамын» деп жайнамазды алып, ұзақ уақыт құлшылық етеді. Намаз оқып болғасын күйеуі келіп: «Сен расымен де мен туралы Алла Тағалаға шағымдандың ба?» дейді. Сонда әйелі: «Мен намаз бастаған уақытта-ақ ашуым тарқап кеткен. Мен Алладан шайтанның азғыруынан сақтауды және екеуміздің арамызға түспеуді сұрадым. Бұл болған жанжалға шайтан кінәлі, сондықтан, соған шағымдандым» деген екен.
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Адам баласы бір үлгі аларда, ең әуелі шын жүрегімен сүйген кісісінен үлгі алады. Сол сүйген кісісінен сүйіп алған үлгі жүрегіне нық орнайды. Буынымыз қатпай тұрған бала күнімізде ең әуелі елжіреп сүйетін кісі кім? Ол – анамыз. Ендеше, біз адамшылығымызға ірге болатын құлықты әкеміз қандай ғалым болса да, ешкі сауып, тезек теріп жүрген анамыздан аламыз. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды», – деген екен.
Ал Дінмұхамед Қонаев атамыз ел басқарып тұрған шағында бір шопанның үйіне түседі. Сонда әлгі шопан кісі: «Димеке, қырық жыл ел басқардыңыз, айтыңызшы, осы өмірде жаман әйел мен жақсы әйелдің қандай айырмашылығы болады?» – деп сұрайды. Сонда Дінмұхамед Қонаев қысқаша ғана: «Жаман әйелдің екі қолында пышақ болады. Бірімен дастархандағы нанды турайды, екіншісімен көрсетпей жаныңды турайды. Жақсы әйелдің қасиеті – қолында оқтау болады, тілінде тоқтау болады», – деп жауап қайырған екен. Бауыржан Момышұлының мынадай керемет сөзі бар: «Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – жапырақсыз, гүлсіз, қазақша айтқанда «қу бас» деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды».
Әйел салиқалы болса, отбасы түзеледі. Отбасы түзелсе, ел түзеледі. Ел түзелсе, қоғамда имандылық, ізгілік, қайырымдылық, жанашырлық, адамгершілік секілді құндылықтар кеңінен қанат жаяды. Имандылық салтанат құрған қоғамның берекесі, бірлігі мен ынтымағы артады. Ынтымағы жарасып, жақсылығы көбейген ел бақытты өмір сүреді. Алла Тағала баршамызға бақытты өмір нәсіп етсін. Әумин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
«Иман» журналы, №3, 2026 жыл


12 Наурыз 2026
23 Рамадан 1447

