Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде жамағат арасында "JAMAGAT QUIZ" діни интеллектуалдық сайысы ұйымдастырылды. Викторина форматында өткен білім додасына Тараз қаласындағы бірнеше мешіттен келген жамағат қатысып, барлығы 16 топқа бөлініп бақ сынады.
Сайыс барысында қатысушыларға қасиетті Рамазан айына қатысты түрлі сұрақтар қойылып, олардың діни білімдері мен ой ұшқырлығы сыналды. Қатысушылар Құран, ораза, Рамазан айының ерекшеліктері мен ислам әдебі төңірегіндегі сауалдарға жауап беріп, өзара тартысты ойын көрсетті.
Игі шараның басты мақсаты – жамағаттың діни білімін арттыру, Рамазан айының қадір-қасиетін кеңінен насихаттау және мешіт жамағаты арасындағы ынтымақты нығайту.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз топтар облыстың бас имамы Асқар Зәкіржанұлының алғыс хатымен марапатталып, оларға қасиетті Құран кітаптары сыйға тартылды.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.



12 Наурыз 2026
23 Рамадан 1447

