Қордай ауданында мешіт аумағындағы діни әдебиеттер сатылатын дүкендерге зерделеу жұмыстары жүргізілді. Негізгі мақсат – көпшілік оқырманға ұсынылатын діни кітаптардың ханафи мәзһабы мен матуриди сенім мектебіне сай, дін мен дәстүр үндестігін насихаттайтын еңбектер болуын қадағалау.
Сонымен қатар, ел арасында түрлі теріс ағымдарды насихаттайтын діни әдебиеттердің таралуының алдын алу да басты назарға алынды. Осы ретте діни дүкен иелеріне қойылатын талаптар түсіндірілді. Атап айтқанда, сатылымдағы әрбір діни кітап Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің дінтану сараптамасынан өтіп, сондай-ақ ҚМДБ сараптау комиссиясының мақұлдауынан өткен болуы тиіс екені ескертілді.
Тек осындай оң қорытындысы бар кітаптарды ғана сатуға рұқсат етілетіні айтылды. Зерделеу жұмыстары барысында Қордай ауданы, аудандық «Қордай» мешітінің наиб имамы Жанұзақ Рысбекұлы діни кітап сататын дүкендерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алла Тағала баршамызға пайдалы білім мен қабыл болатын дұға нәсіп етсін!
Аудандық «Қордай» мешіті баспасөз қызметі


12 Наурыз 2026
23 Рамадан 1447

