Жуалы ауданы, Теріс ауылдық округіне қарасты «Мырзахмет ата» мешітінің асханасында жамағатқа ауызашар дастарханы жайылды. Қасиетті Рамазан айының берекесін бөліскен бұл игі шараға ауыл тұрғындары мен мешіт жамағаты қатысты.
Ауызашар барысында мешіт имамы Бауыржан Мұсағалиұлы жамағатқа насихат айтып, қасиетті Рамазан айында Құран оқудың сауабы мен рухани маңызы жөнінде кеңінен тоқталды. Сонымен қатар ҚМДБ-ның «Дін және дәстүр» бағыты аясында отбасы құндылықтары туралы тағылымды ойларымен бөлісті.
Имам өз сөзінде отбасы – қоғамның негізі екенін атап өтіп, ата-анаға құрмет көрсету, үлкенді сыйлау, ұрпақ тәрбиесіне мән беру секілді ұлттық әрі діни құндылықтарды дәріптеудің маңызын жеткізді. Сондай-ақ Рамазан айында жасалған әрбір сауапты істің берекесі мол болатынын айтып, жамағатты игі амалдарды көбейтуге шақырды.
Шара соңында жамағат ел амандығы мен бірлігі үшін дұға жасап, осындай сауапты істің ұйытқысы болған азаматтарға алғыс білдірді.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.


11 Наурыз 2026
22 Рамадан 1447

