Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Батыс Қазақстан облысына арнайы сапармен барды. Сапар аясында Бас мүфти Зашаған кентінде салынған жаңа мешіт ашылуына арнайы қатысты.
Игі іс-шара қасиетті Құран аяттарын оқумен басталып, еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығы үшін арнайы дұға жасалды.
«Мешіттің мән-мағынасы «сәжде, құлшылық жасайтын орын» дегенді білдіреді. Ал шариға¬тымыздағы мәні: Аллаға иман келтірген мұсылмандар жиналып намаз оқитын, өзге де құлшылықтарын жасайтын қасиетті мекен. Сонымен қатар, мешіт – көңілі жабырқау жандар пана тауып, өмірден тауқымет көріп қиналып жүрген адамдар демеу көретін қайырымдылық пен ізгіліктің ордасы. Ең бастысы, құлшылық үйінде пенденің жүрегі тыныштық табады.
Исламда сауабы тоқтамайтын амалдың бірі – мешіт тұрғызу. Осы себепті Аллаға шынайы иман келтірген мұсылмандар қолынан келгенше мешіт көтеруге мән беріп, бұл игі істі үлкен ықыласпен атқарған. Өйткені мешіт – мұсылман жамағатын ауызбіршілікке шақырып, қайырлы істерге жұмылдыратын маңызды рухани ошақ», - деді өз сөзінде Бас мүфти.
Айта кетейік, жаңа мешітте бір мезетте 2000 мың адам құлшылығын өтей алады.
















18 Ақпан 2026
1 Рамадан 1447

