Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қадірлі мұсылман қауым!
Берекелі Рамазан айының келуімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бұл ай – жүрекке иман нұрын сеуіп, жанды сабыр мен шүкірге тәрбиелейтін ұлы мүмкіндік. Әр күнімізді ізгі амалмен көркейтіп, әр сәтімізді құлшылықпен мәнді етуге жазсын!
Рамазан – адам баласын кешірімге жақындатып, мейірімге үндейтін айрықша кезең. Бұл уақытта мұсылман өз болмысына үңіліп, жүрегін тазартуға, мінезін көркейтуге және айналасына пайдасын тигізуге ұмтылады. Қасиетті Құран түскен бұл ай – рухани кемелденуге бастайтын жолдың ең жарқын белесі.
Ораза – тек тағамнан тыйылу емес, нәпсіні тәрбиелеу, тіл мен жүректі жамандықтан қорғау. Ізгілікке ұмтылып, қайырымдылыққа асығу – Рамазанның шынайы көрінісі. Әрбір ауызашар дастарханы – береке мен бауырмалдықтың белгісі, әрбір садақа – жүрек жомарттығының айғағы. Сондықтан осындай ұлы мерекені барынша сауапты өткізуді тілеймін.
Алла Тағала баршамызға шынайы ықылас, берік иман, қабыл болған құлшылық нәсіп етсін! Отбасыларымызға амандық, елімізге тыныштық, халқымызға бірлік берсін! Ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, әжелер мектебінің өнегесін ұрпақ санасына сіңіре білейік. Рамазан әр шаңыраққа нұр мен береке әкелсін!
Асқар Зәкіржанұлы
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы


24 Ақпан 2026
7 Рамадан 1447

