Әйелдер жамағатына арналған рухани жиын «Кеңесхан қажы» мешітінде өтті. Басқосу барысында Ясмина есімді бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, жиналған қауым тарапынан ақ баталар мен игі тілектер айтылды. Іс-шара ұстаз Зейнеп Жәдігерқызының ұйымдастыруымен «Дін ұстанымында дәстүрдің орны» тақырыбындағы семинар форматында жалғасты.
Семинар барысында ұлттық салт-дәстүр мен ислам құндылықтарының өзара үйлесімі, дінді ұстанудағы жауапкершілік, иман мен амалдың арақатынасы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, «Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деген тағылымды ой төңірегінде мазмұнды пікірлер айтылды.
Іс-шара соңында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ сүннетін жаңғырту мақсатында қатысушылар бір-біріне сыйлықтар табыстап, рухани бірлікті нығайта түсті. Кездесу әйелдер жамағаты үшін тағылымы мол, мазмұны терең рухани басқосу ретінде жоғары деңгейде өтті.
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі



23 Сәуір 2026
6 Зуль-каада 1447

