Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына арналған «Діни басқармаға – 35 жыл» атты рухани кеш ұйымдастырылды.
Кеш барысында ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойына арнайы түсірілген деректі фильмнің тұсаукесері өтіп, көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар діни басқарманың тарихы мен ел руханияты жолындағы қызметін айшықтайтын сахналық көріністі Астана мюзикл театрының әртістері қойды. Мерейтойлық кеште арнайы дайындалған арнауды «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері, ақын Мақсат Ақанов орындады. Ал танымал әнші Ержан Максим патриоттық рухтағы «Атамекен» әнін орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде: «Бүгін біз еліміздің рухани өміріндегі ерекше тарихи кезеңге куә болып отырмыз. Осыдан отыз бес жыл бұрын, 1990 жылы, халқымыздың рухани болмысы мен діни бірлігін сақтау мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған болатын. Бұл – ел тарихындағы айтулы оқиға, халқымыздың тәуелсіздікке аяқ басқан сәтінде рухани тәуелсіздіктің іргетасын қалаған маңызды кезең еді. Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын, содан бергі жылдар ішінде Діни басқарма еліміздің діни өмірінде берік орны бар, халықтың сеніміне ие, дәстүр мен дінді ұштастырған қара шаңыраққа айналды», – деді.
Айта кетейік, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы мерейлі дата аясында республикамызда жыл көлемінде түрлі рухани іс-шаралар мен конференциялар ұйымдастырылуда.




















30 Желтоқсан 2025
10 Раджаб 1447

