Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми іссапары барысында Жидда қаласында Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрі Тауфиқ ибн Фаузан ар-Рабиамен кездесті.
Кездесу барысында Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және ұмра министрлігі Қазақстан Республикасына 2026 жылғы қажылық маусымына 4000 қажылық орны бөлінгенін ресми түрде хабарлады.
Сондай-ақ кездесу барысында тараптар 2026 жылғы үлкен қажылық маусымын жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Бас мүфти қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызмет сапасын арттыру, орналастыру және көлік жүйесін жетілдіру, сондай-ақ ақпараттық және медициналық қызмет көрсетуді тиімді үйлестірудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесуде, бұдан бөлек, визасыз, яғни заңсыз жолмен қажылық ұйымдастыруға тырысатын фирмалардың қызметіне тосқауыл қою мәселесі талқыланды. Бұл бағытта екі тарап өзара ынтымақтастық пен ақпарат алмасуды күшейтуге уағдаласты.
«Сауд Арабиясы қажылық қызметін ұйымдастыруда жыл сайын жаңа технологиялар мен тиімді шешімдерді енгізіп келеді. Бұл қажылардың сапарын жеңілдетіп, қызмет сапасын арттыруға жол ашады. Алдағы маусымның да табысты өтуіне сенім мол», – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Өз кезегінде министр Тауфиқ ибн Фаузан ар-Рабиа Қазақстанмен серіктестікті жоғары бағалап, қажылық бағытындағы байланыс одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Ресми кездесуден кейін тараптар 2026 жылғы үлкен қажылық маусымын ұйымдастыруға қатысты екіжақты келісім құжатына қол қойды.
Қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Жидда қаласындағы Бас консулы, Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Қоспанов Руслан Тобылұлы, ҚМДБ делегация мүшелері және Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі өкілдері қатысты.
















11 Қараша 2025
20 Джумада-авваль 1447

