Джидда қаласында өткен «The 5th Edition of the Hajj Exhibition» халықаралық көрмесіне Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының делегациясы қатысты. Биылғы көрме «Меккеден Әлемге» тақырыбымен ұйымдастырылып, қажылық саласындағы соңғы жетістіктер мен заманауи технологиялар таныстырылды.
Ауқымды шара аясында 18 саланы қамтитын 270-тен астам қатысушы өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды. Инновациялық аймақта 10-нан астам стартап, 25 жасанды интеллект жобасы және 100-ден астам креативті идея ұсынылды. Бұл бастамалар қажылардың сапарын жеңілдетіп, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
Сондай-ақ, іс-шара бағдарламасында «Қажылық және екі қасиетті мешіттің тарихы» форумы мен «Қос қасиетті мешітке қамқорлықтың 100 жылы» атты арнайы экспозиция ұйымдастырылды. Онда ислам мұрасын сақтау ісіндегі сирек құжаттар, фотосуреттер мен жәдігерлер қойылды.
ҚМДБ Төрағасы көрме барысында қажылық инфрақұрылымын жетілдіруге қатысты заманауи шешімдермен танысып, тәжірибе алмасу және екі ел арасындағы серіктестік бағыттарын талқылады.














11 Қараша 2025
20 Джумада-авваль 1447

