Елдік пен ерлік — қазақ халқының мәңгілік ұраны. Биыл қазақ-жоңғар соғысының айтулы қаһармандарының бірі - Қосы батыр Сәмбетұлының туғанына 355 жыл толуына орай, Суханбаев ауылдық округінің Қосы батыр ауылында мерейтойы кең көлемде атап өтілді. Тарихи тұлғаның есімін ұлықтауға арналған мереке елдік рух пен бірліктің нағыз көрінісіне айналды.
Мерекелік жиында Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Қосы батыр рухына Құран бағыштап, елдің амандығы үшін дұға жасады. Жиналған қауым батыр рухына тағзым етіп, өткеннің өнегесін еске алды.
Мерейтойдың маңызды бөлігі – ғылыми-тәжірибелік конференцияда тарихшылар мен өлкетанушылар Қосы батырдың өмір жолы, оның тарихи дәуірдегі орны, ел қорғаудағы қызметі жайында мазмұнды баяндамалар жасады. Сонымен қатар, оның ерлік жолын терең талдап, тың деректер ұсынды.
Конференция соңында қатысушылар батыр есімін жас ұрпақ санасына терең сіңіру жолдарын талқылап, тарихи мұраны зерттеу жұмыстарының жалғасатынын айтты. Бұдан кейін мерекелік көңіл-күй сыйлайтын концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды. әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты.



25 Қазан 2025
3 Джумада-авваль 1447

