Шығыс даналарының бірі айтқандайын: «Әмірші әмірші болу керек, әскер әскер болу керек, әке әке болуы керек, бала бала болу керек сонда ел дамиды».
Халық арасында кең тараған «Сауатсыз дәрігер жан алса, Сауатсыз молда діннен шығарады». деген қанатты сөз бар. Дін адам баласының бұл дүние мен о дүниелік өмірін бірге қамтығандықтан өте сақтықты талап етеді. Дін жайлы сөз сөйлейтін адам, егер сол саланың маманы болса адамдарды дүние мен ақиретте бақытқа кенелтеді, ал шала сауатты біреу болса, адамдардың екі дүниесінің де астаң-кестеңін шығарады. Мұның соңы, Пайғамбарымыздың ﷺ хадисінде келгендей «Нәтижесінде өздері де, өзгелер де адасып тынады».
Сондықтан дін жайлы әңгіме қозғау үлкен жауапкершілікті талап етеді.
«Тауық сойса да, қасапшы сойсын» демекші дінді үйрету ісі басқа салалардағы сияқты арнайы мамандануды талап етеді. Дін саласын оқып зерттеу үшін адамдар көптеген өмірлерін жұмсайды. Тіпті ғалымдар дінді зерттеу жолында бүткіл өмірлерін сарп етіп кеткен болатын. Бұдан діннің күрделі сала екендігін, сондай-ақ, діннің атынан бір ауыз сөз айтудың өзі үлкен жауапкершілікті іс екендігін аңғаруға болады. Ал елімізге келер болсақ, біздің елде ислам дінінің тағылымдарын насихаттап оларды үйрету арнайы маманданған мешіт имамдарына тапсырылған. Сондықтан да, дінді көшедегі әрбір көлденең келген көк аттылардан емес, осы мақсатта арнайы тағайындалған дін мамандары, яғни, мешіт имамдарынан келіп сұрау аса маңызды іс екенін ескергеніміз дұрыс болмақ.
БАДЫҚОВ ҰЗАҚБАЙ МЕДЕТБАЙҰЛЫ