Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысында дін мен дәстүр терең өзара байланысқан. Дін – адамзаттың рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, оның өмірін бағыттап отыратын сенімдер мен тәлімдер жүйесі. Дәстүр - ұлттық ерекшелікті айқындайтын, мәдениетін қалыптастыратын салт- жоралар жиынтығы. Дәстүрлер көбінесе діни құндылықтармен байланысты болып, қоғамдағы бірлік пен тұтастықты сақтауға көмектеседі. Адамзат түрлі ұлттар мен ұлыстардан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни наным-сенімі болады. Бұл жайында Алла тағала Құран Кәрімде «Хужурат» сүресінің 13-аятында былай дейді: «Әй, адам баласы! Күдіксіз, сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың…»
Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысында дін мен дәстүр терең өзара байланысқан. Мысалы, Ислам дінінің негізгі қағидалары мен мұсылмандық салттар қазақтардың тұрмысына әсер етіп, ұлттық дәстүрлермен үйлесіп кеткен. Алайда, дәстүр мен дін арасындағы шекара көзге көрінбейді, білінбейді. Сондықтан ара жігін ажыратып, сақтықпен амал еткен жөн. Ата-бабамыздың салтында қалыптасқан көптеген дәстүрлердің көбі негізі Ислам мәдениетімен кірді. Мысалы қазақта біреу әңгіме айтып тұрып түшкірсе «Айтқаны рас екен» деген әдет бар. Бұл Пайғамбарымыздың с.а.у. хадис-шәріпінде былай деп келтірілген: «Бір сөз айтылып жатқан кезде біреу түшкіріп қалса, сол сөз ең дұрыс сөз болғаны». Сондай-ақ, жаңа ай туғанда «Ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп дұға ету. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаңа туылған айды көрген кезде: «Аллам, оны бізге сенім мен иман, тыныштық пен Исламның айы ет! Менің раббым да, сенің раббың да Алла. Қайырлы, құтты бол!» деп дұға еткен. Халқымызда көптеген салт-дәстүрлер Ислам дінімен келген. Бала туғанда құлағына ат қойып, халықты жинап, құдайы тамақ беруі, т.с.с.
Өкінішке қарай, қазақ халқындағы Исламнан бастау алып, атадан балаға мұра болып келе жатқан келіннің сәлем салуы, өліге Құран бағыштау т.б. осы сияқты бірқатар әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді теріске шығарып, шариғаттың шеңберіне сыйдырмай адасып жүрген қаншама бауырлар да бар. Шағын мақаламызда осы салт дәстүрлеріміздің шариғатта дұрыс екендігін дәлелдейтін аят- хадистердің барлығын келтіре алмаймыз, дегенмен діни сауаттылығын арттырған әрбір мұсылман бұған иланары хақ.
Қорыта айтқанда, Ислам қазақ даласына кеше ғана келген жоқ. Ислам діні он екі ғасырдан астам уақыт ата-бабаларымыздың қанымен, халқымыздың бойына, салт-дәстүріне сіңді. Сондықтан да, Ислам дінін – діңгек етіп ұстанғымыз келсе – салт-дәстүрімізді сақтауымыз қажет.
Жайна Бекназарова
Жамбыл аудандық "Бәйдібек" мешітінің ұстазы