1 қыркүйек – Білім күніне орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астана медресе-колледжіне арнайы барып, жаңа оқу жылының басталуымен ұстаздар мен шәкірттерді құттықтады.
Өз сөзінде Бас мүфти білімнің ислам дініндегі орнына тоқталып, Құран Кәрімде ең алғаш түскен аяттың:
«Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» (Алақ сүресі, 1-аят) екенін еске салды.
«Исламның алғашқы әмірі-оқу. Дініміздің негізінде ілім мен ізденіс жатыр. Білім – адамның көкірегін оятып, рухани кемелдікке бастайтын нұрлы жол. Астана медресе-колледжі – тек діни білім беретін орын ғана емес, елдік ұстаным мен рухани тәрбие ұлағатын насихаттайтын маңызды орталық. Бұл шаңырақтан түлеп шыққан шәкірттер бүгінде мешіттерде, қоғамда, ел алдында абыройлы қызмет атқарып жүр», – деді ҚМДБ Төрағасы.
Сондай-ақ, Наурызбай қажы Тағанұлы медресе-колледждің елдегі діни білім беру жүйесіндегі орнына тоқталды:
«Бұл оқу ордасында шәкірттер Құран ілімімен қатар ақида, фиқһ, хадис, тәпсір секілді ислам ғылымдарын меңгеріп, елдің рухани тірегіне айналуда», – деп атап өтті Бас мүфти.
Кездесу соңында ҚМДБ Төрағасы шәкірттермен емен-жарқын әңгімелесіп, білім жолындағы ізденістеріне табыс тіледі.