Жамбыл облысы бойынша қари ұстаздар мен азаншылардың біліктілігін арттыруға арналған арнайы курс өз мәресіне жетті.
Аталған семинарға Қордай ауданындағы қари ұстаздар мен Жаңатас және Тараз қаласына қарасты азаншылар қатысып, барлығы 8 маман бір апта бойы білімін жетілдірді.
Курс аясында қатысушылар Құран ілімінен тереңдетілген тәжуид сабақтарын алып, «Имамның тұлғалық келбеті» тақырыбында әдеп дәрістерін тыңдады. Сондай-ақ, фиқһ іліміндегі «Намаз бабына» қатысты мәселелерді талқылап, азанның сүннеттері мен парыздары, пәтуә сағаттарына қатысып, мол мағлұмат алды.
Бүгінгі қорытынды жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы Асқар Зәкіржанұлы және Құран секторының өңірдегі жетекшісі Бірлік Амангелді курсты табысты тәмамдаған 2 азаншы мен 6 қариге арнайы сертификат табыстады.
Бұл игі бастама имамдардың діни білімін шыңдап, жамағат алдындағы қызметін одан әрі байыта түсті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі