Ислам – әйел затына ерекше құрметпен қараған дін. Ислам келгенге дейін араб қоғамында әйел адамның құқығы жоққа тең болатын. Алайда Алла Тағала Құран арқылы әйелдерге үлкен мәртебе беріп, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) сүннетімен оларды қорғап, қадірін арттырды.
Алла Тағала ананы жоғары мәртебеге қойған: «Адамға ата-анасына жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны әлсірей жүріп көтерді, оны омырауынан айыру екі жылда болады...» (Лұқман сүресі, 14-аят) Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жәннат – аналардың табанының астында» – деп, ананың діндегі орнын көрсеткен.
Әйел – ерінің сенімді серігі, балаларының алғашқы ұстазы. Ол отбасындағы тыныштық пен мейірімнің, береке мен тәртіптің қайнар көзі. Құранда былай делінген: «Олардың арасынан сендерге тыныштық табу үшін жұбайлар жаратқан әрі араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салғаны – Оның белгілерінің бірі» (Рум сүресі, 21-аят)
Исламда әйелдің: білім алу құқығы, мал-мүлкіне иелік ету құқығы, неке құруда келісім беру құқығы, мұрагерлік құқығы бар. Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сендердің ең жақсыларың — әйелдеріне жақсы қарағандарың» — деп, ер адамдарға әйелге деген жауапкершілікті ескертті. Ислам – әйелді қорлаушы емес, қадірін арттырушы дін. Әйелге деген құрмет – иман белгісі. Қазіргі заманда мұсылман қыз-келіншектер осы шариғат берген мәртебені дұрыс түсініп, өзін де, отбасын да, қоғамды да көркейтуі тиіс.
"Әулие ата" мешіті