Қазіргі нарық заманында халқымыздың көпшілігі саудамен айналысады. Адал саудамен шұғылдану — Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) дәуірінен бері келе жатқан берекелі кәсіптердің бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және оның сахабалары елге пайдалы, қажетіне жарайтын адал сауда жасап, халықтың алғысына бөленген.
Алайда бүгінгі таңда базарларда «мұсылманмын» деп сауда жасап жүрген кейбір бауырларымыздың саудасы шариғатқа сай келеді деп айту қиын. Көптеген саудагерлер таразыдан жеу, өлшемді кеміту, тұтынушыны алдап, сапасыз тауар сату сияқты теріс әрекеттерге барып жүр.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:
«Өлшеуде әділетсіздік жасайтындарға нала болсын! Олар адамдардан өздеріне өлшеп алғанда толық алады. Ал өзгелерге өлшеп немесе тартып бергенде кемітеді. Олар қайта тірілетіндеріне сенбей ме?» (Мутаффифин, 1–4-аяттар).
Бұл дүниеде адамдардан: «Алла Тағалаға сенесің бе?» — деп сұрасаң, «Сенемін» — деп жауап береді. Бірақ, өкінішке қарай, Алладан қорықпайды әрі Оның жазалайтынына шынайы сенбейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) Мәдина қаласына келгенінде, сол жердегі арабтардың көпшілігі таразыдан жейтінін көріп:
«Уа, Раббым! Бұлардың күнәсінен мен бір апатқа ұшырап қалмайын. Бұл қалаға пәле-қаза келмесін!» — деп дұға еткен екен. Осы кезде Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жоғарыда айтылған «Мутаффифин» сүресін түсірді. Бұл сүре түскен соң, халық таразыларын дұрыстап, әділ сауда жасауға көшті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:
«Дұғалардың қабыл болмауы, мақсаттардың орындалмауы, екі дүниеде берекелі өмірдің болмауы — адамның нәпсісінің кесірінен болады.»
Бірде Шам елінен бірнеше адам қажылыққа келіпті. Қажылық амалдарын толық орындап, бір-бірін құттықтап тұрған сәтте, солардың бірі қайтыс болады. Қабірін қазған кезде үш жерден қара жылан шығады. Бұл жағдайға бәрі таң қалып, хазреті Ибн Аббасқа барып мән-жайды баяндайды. Сонда ол:
«Жүз қабір қазсаңдар да, сол жылан шыға береді. Бұл — сіздердің қажы болып, күнәларыңыздан тазаланғандарыңызды көрсету үшін Алланың жіберген белгілері. Ол жылан емес — азап періштелерінің бейнесі. Жанына тисеңдер, зияны тиюі мүмкін», — дейді.
Содан олар марқұмның ауылына барып, әйелінен сұрайды:
— Күйеуіңіз қандай кәсіппен айналысатын еді?
— Ол диірменші болатын, ұн тартып сататын, — дейді әйелі.
— Шындықты айтыңыз. Күйеуіңіз қайтыс болғанда бір түрлі жағдайлар болды, — дейді олар.
Сонда әйелі:
— Иә, рас. Ол арпа мен бидайды араластырып, ұн ретінде сататын, — деп жауап береді.
Сонда қажылар:
— Міне, бұл — қиянат. Ол адамдарды алдап, нәпақасын арам жолмен тапқан. Егер қиянат жасаған адамдар ақыретте оны кешірсе, күнәсі кешірілуі мүмкін. Әйтпесе, тозаққа кіргенге дейін рухы азапта болады, — дескен екен.
Құрметті мұсылман бауырлар, осы оқиғалардан ғибрат алуымыз керек. Сауда жасап жүрген әрбір мұсылман адал ризық табу мәселесіне ерекше мән беруі қажет. Дүниенің қызығына алданып, біреуді алдап, қиянатпен табылған пайда түбінде өкінішке ұрындыратынын ешқашан ұмытпайық.
Рақымбай Түсіпов
Шығанақ ауылының молдасы