Бұл тыйым нағыз тәрбиенің өзі. Үлкендер «Жаманат шақырма, жаман ырым жасама. Жаман әдетті үйренбе» деп отыратын болған. Адамға жаман әдет үйіршек келеді, тез қабылдайды. «Адам болам десеңіз» деп жырлаған Абай атамыз: «Өсектің, өтіріктің, мақтаншақтық пен еріншектіктің, тіпті бекер мал шашпақ ысыраптың» бәрі жаман іс екенін еске салады. Бала бойында жаман әдеттер болмауын, жақсы қасиеттермен қалыптасуына бабаларымыз аса ден қойған.
«Жақсы болу – өз қолыңда» деген халық даналығы бар. Бұл сөздің мәні зор. Жақсы болуға адам әуелі өзі ұмтылу керек. Адамның күн сайын жақсы істерге, жақсы әрекеттерге ұмтылуы – игі істерге жетелеп, жаман әдеттерден тыятын болады. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау, кісіге өтірік айтпау, берген сөзінде тұру – жақсы адамның сипаты. Бабаларымыз «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен!» деп өмірде жақсы-жаманды ажырата білуге, өзара салыстырып көруге осындай тыйым сөздермен тәрбие берген.
Дініміз ислам – жақсы істерге үндеп, жаман әдеттерден алыс болуға насихаттайды. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару – әрбір мұсылманның парыз ісі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Қандай жағдайда болсаң да, Алладан қорық. Жамандықтың артынан оны жоятын жақсылық жаса. Адамдармен жақсы мінез-құлықпен қарым-қатынаста бол»,-деп бұйырған. Сондықтан ақылды адам, иманды жан жаман әдеттерден өзін тыйып, жақсы істерге ниет қылып, оны орындауға әдеттенуі керек.
Жақсы әдетке, орындалған істерге еселеген сауаптар жазылады. Бір хадисте «Кімде-кім бір жақсы іс істеуге ниеттеніп, оны істемесе де, Алла үшін Өз қасында толық бір жақсы істің істелгенін жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін Өз қасында он жақсы істен жеті жүз есеге әрі одан да көп есеге дейін жақсы істің істелгенін жазады. Ал кімде-кім жаман іске ниеттеніп, бірақ оны істемесе, Алла ол үшін Өз қасында толық бір жақсы іс істелгенін жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін бір жаман іс жасалғанын жазады», - делінген.
Бабаларымыз неге жаман әдетті үйренбе деді?! Өйткені жаман әдеттер уақыт өткен сайын кісіні сүйкімсіз, қадірсіз, құрметсіз етіп қана қоймай, қоғамдағы жағымсыз адамдардың біріне айналдырады. «Шөлдің қамысы болмайды. Жаманның намысы болмайды» деп бекер айтпаса керек. Жаман әдет адамды жақсы қасиеттерден жұрдай етері хақ.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық Сұлтан мешітінің бас имамы