«Дені саудың жаны сау», демекші, адам баласы рухани кемелденуі үшін, алдымен тәнімен жұмыс жасауға тиіс. Себебі, жан сұлулығы мен тән сұлулығы бір-бірімен тығыз байланыста. Әрі Алла Тағаланың қуатты мұсылманды сүйетіні мәлім. Әбу Һурайра жеткізген хадис-шәріпте хазреті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) осы мәселеге байланысты: «Екеуінде де өз қайыры болса да, қуатты мүмін Аллаға, әлсіз мүміннен жақынырақ және сүйіктірек», – деген (Имам Мүслім). Қуатты болу тек материалдық емес, сонымен қатар моральдық тұрғыда да маңызға ие. Спорт тұлғаға кішіпейіл, кешірімді болуға, сәттіліктер мен жеңісті қарапайым қабылдап, тәкәппарланбауға үйретеді.
Елімізде спортқа ден қою қарқынды ма? Салауатты өмір салтын тұтас ұстанатын ұлтқа айнала алдық па? Соңғы жылдары Қазақстанда спортқа деген қызығушылық артып, жастардың спортпен шұғылдануы айтарлықтай көбейіп келеді. Бұл – мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар мен спорт инфрақұрылымының дамуының нәтижесі.
Ауылдық жерлерде жаңа спорт кешендері салынып, жасөспірімдерге арналған үйірмелер ашылуда. Бұл балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, олардың денсаулығын нығайтуға да зор ықпал етеді. Сонымен қатар, спорт саласындағы мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар жас спортшыларға үлкен мүмкіндік беруде.
Қазақ спортшылары халықаралық ареналарда да үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Мәселен, бокс, ауыр атлетика, күрес сияқты спорт түрлерінде еліміздің атын әлемге танытып жүрген жастар аз емес. Олардың табыстары – келешек ұрпаққа үлгі әрі мотивация көзі.
Спорт – тек жарыс емес, ол тәртіп, жауапкершілік және мықты рух қалыптастыратын сала. Сондықтан да қоғамның дамуы үшін салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты кеңінен дамыту – басты міндеттердің бірі болып отыр.
Соңғы жылдары Қазақстанда велоспорт, теннис және футбол сияқты спорт түрлері де қарқынды дамуда. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы жарыстардың жиі өтуі жас спортшылардың тәжірибе жинауына ықпал етуде. Қазіргі таңда ел ішінде түрлі лигалар мен чемпионаттар ұйымдастырылып, ауылдағы балаларға дейін спорт алаңына шыға алатын мүмкіндік туып отыр. Мемлекет басшылығы мен спорт ұйымдары да бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруда. Әр өңірде спорт мектептері мен академиялар ашылып, талантты жастарға кәсіби деңгейде жаттығу жасауға жағдай жасалуда. Сонымен қатар, ұлттық құрамаларда ойнауға мүмкіндік алған жастардың саны жылдан жылға артып келеді.
Жалпы спорттың адам баласына тигізер пайдасы орасан. Ол – денемізді күшейтіп, ағзадағы зиянды қалдық заттардың сыртқа шығуына және артық салмақты жоюда май жасушаларының еруіне септігін тигізетіні белгілі. Бойымызды тазалап, қан айналымымызды жақсарту, біздің ойлау қабілетіміз бен санамызға оң әсер береді.
Абдулла ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Ұлдарыңа садақ ату мен суда жүзуді ал қыздарыңа ұршық иіруді үйретіңдер» (Әл-Бәйһақи, «Шуғабуль-иман»). Тарихта әділетті халифа Омар ибн Әл-Хаттаб Шам жұртшылығына «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деп хат жолдағаны бар.
Ұрпағын «Шынықсаң, шымыр боласың», деп тәрбиелеген ұлттың болашағынан үміт күтуге болады. Елімізде спортпен шұғылданушы бауырларымыз көбейіп, халқымыздың еңсесін көтеріп, байрақты бәсекелерде көк туды биік желбірететін спортшыларымызға Алла Тағала жеңіс нәсіп етуін тілейміз. Ұтыстары оңынан, жарыстары жеңілінен түскей. Әмин!
Нұрлыбек Төлегенов,
Жамбыл облысы Байзақ ауданы
«Үшбұлақ» ауылдық мешітінің имамы